- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Журналистік білім берудің жаңа бағыттары
05.06.2023«Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері (MTIJ)» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция биыл жетінші рет өтті. Халықаралық ұйымдар мен академиялық орта өкілдерінің, жергілікті практик мамандардың пікірлерін тоғыстырып, тәжірибе алмасуға мұрындық болған ғылыми платформаның өзегін инновациялық технологиялар мен өнімдер, мәдениетаралық дискурс және олардың планетамыздағы шиеленісті әрі тұрақсыз жағдайдағы рөлі туралы тақырыптар құрады.
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Алматыдағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросымен бірлесіп журналистика саласындағы оқу бағдарламаларын күшейту, Орталық Азияның ЖОО арасында коммуникация саласындағы үздік білім беру тәжірибелерін тарату, медиасфераның неғұрлым сұранысқа ие бағыттары бойынша ғылыми және қолданбалы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді.
Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының коммуникациялар және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов ЮНЕСКО ұйымының медиа-жүйелердің әлеуетін арттыруға және журналистік білім беруге, демократияны, коммуникацияны және толеранттылықты қолдауға үлес қосуға бағытталған негізгі қызметімен таныстырды. БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық коммуникациялар департаментінің басшысы Властимил Самек ғылыми ортаның экология, климат өзгерісі, гендерлік саясат, көші-қон және т.б. конференцияның күн тәртібінде тұрған жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті.
ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова қазір қоғамдық пікірді журналистер де, блогерлер де қалыптастыратынын атап өтті. «Күн тәртібінде климаттың өзгеруі, планетаны болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу сынды мәселелер бар. Қоғамның бұл туралы білмеуі әбден қынжылтады. ЮНЕСКО еліміздегі экожүйені сақтауға, әсіресе Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі жобаға белсенді түрде үлес қосуда, бұл туралы халықты ақпараттандыру маңызды», – деді ол сөзін аяқтай келе.
Академиялық орта өкілдері мен ғалымдар сала өкілдерімен бірлесе отырып, оқу үдерісін жаңарту мәселелерін шешуге елеулі ықпал етеді. Сондықтан жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен практиктердің қатысуымен өтетін бұл конференцияда журналистік білім беруді жаңғырту модельдері талқыланады.
2015 жылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы қабылданғаннан кейін ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы алғашқы конференцияның тұсауын кесті. 2016 жылы сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген конференция қарарының нәтижесінде бакалавриатта «Халықаралық журналистика» мамандығы ашылды. Практик мамандар оқу үдерісіне тартылып, кәсіби маман даярлауға байланысты ұсыныстары білім беру бағдарламаларына енгізіліп келеді. 2016-23 жылдар ішінде конференцияға 122 халықаралық медиа өкілдері, журналистика оқытушылары және БАҚ зерттеушілері, 75 академиялық институт өкілдері (оның ішінде 43-і шетелдік) қатысты.
Кафедрада бірнеше инновациялық халықаралық және ұлттық жобалар іске асты. Соңғы жылдары коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер өкілдігінің, сондай-ақ АҚШ елшілігінің жобалары орындалды. Биылғы оқу жылында кафедра журналистердің қауіпсіздігі, әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылық мәселелерін жариялау, дау-жанжалға ықпалды журналистика және климаттың өзгеруі тақырыптары бойынша ЮНЕСКО-ның ресурстарына негізделген төрт жаппай ашық онлайн курстарын Орталық Азия елдерінің 19 университетіне арнап әзірлеп іске қосты. Сондай-ақ Орталық Азия аймағында гендерлік құзыреттілікті нығайту жобасын жүзеге асырды.
Қызу ғылыми пікірталасқа Интернет-медиа және коммуникациялық хабар тарату қауымдастығының президенті, «Sonnokta Haber», «Koridor» газеттерінің бас редакторы Сердар Акжол (Түркия), Түркі дүниесі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир (Түркия), «Ала-ТОО» халықаралық университетінің (Қырғызстан) журналистика факультетінің деканы Элира Турдалиева, Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің деканы Алтын Асанова, Пенза мемлекеттік университетінің (Ресей) доценті Галина Зуеева, «Медиахаб» порталының (Армения) журналисі Наре Геворкян және т.б. қатысты. Конференция жұмысы тәжірибелі практик-мамандардың шеберлік сыныптарына ұласты.
Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі