- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Әл-Фараби бизнес мектебі ресейлік бизнес университеттерімен байланысты нығайтады
06.06.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Al-Farabi Business School директоры Жарасхан Сариев Ресейдің бірқатар бизнес университеттеріне жұмыс сапарымен барып, оқу орындарының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде тараптар өзара тиімді ынтымақтастық келешегін талқылады.
ҚазҰУ делегациясы QS Global МВА рейтингінің Топ-100 және Ресей Федерациясының үздік үш бизнес-мектебінің қатарына кіретін ММХҚИ бизнес және халықаралық құзыреттер мектебінде болып, оқу орнының директоры Анжелика Мирзоева мен директордың орынбасары Вероника Ягубянцпен кездесті.
Кездесуде тараптар халықаралық білім берудің маңыздылығын және оның жылдам өзгеретін макроэкономика стандарттарына сәйкестігін атап өтіп, студент алмасу, бірлескен зерттеу бағдарламалары, білім беру мен қос диплом бағдарламаларын іске асыру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Одан соң Al-Farabi Business School директоры Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Мәскеу психоанализ институтының ректоры Лев Суратпен кездесті. Ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында Мәскеу психоанализ институтының ректоры Al-Farabi Business School бағдарламалары шеңберіндегі Soft skills бағытын дамытуға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Жарасхан Сариев Мәскеудегі Сколково басқару мектебінде болды. Онда университеттің білім беру бағдарламалары жөніндегі проректоры Марина Карбанмен және ашық бағдарламалар директоры Юлия Карпенкомен кездесіп, аталған университет базасында ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелеріне баса назар аударылды. Бизнес-мектептердің одан әрі ынтымақтастығы білім беру қызметін дамытуда айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін. Al-Farabi Business School өкілдері ағымдағы жылдың қыркүйек айында Мәскеу басқару мектебінің 17 жылдығын атап өту мерекесіне шақырылды.
Айта кету керек, жоғарыда аталған барлық университеттермен және бизнес-мектептермен алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандумдар мен келісімдерге қол қою жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі