- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ мен Шенжен университеті медициналық білімді бірлесіп дамытуда
06.06.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шенжен университеті Медицина мектебінің атқарушы директоры, профессор Синьцзи Сю (Хавьер) бастаған Қытай делегациясы келді. Олар ҚазҰУ мұражайын, Жағдаяттық басқару орталығын (СММ), биология және биотехнология факультетінің зертханаларын аралады.
Қонақтарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, университеттің ҚХР жоғары оқу орындарымен, ғылыми институттарымен ынтымақтастық байланыстарын атап өтті.
Бүгінде ҚазҰУ Қытайдың 50 жоғары оқу орнымен және түрлі саладағы ұйымдарымен тығыз байланыста. Соңғы үш жылда ҚазҰУ-дың 79 студенті ғылыми тағылымдамадан өтіп, Қытай университеттеріндегі жазғы мектептерге қатысты, сондай-ақ 37 оқытушы Қытайға тағылымдама мен семинарларға барып қайтты.
Бүгінде ҚазҰУ-да 401 қытайлық студент оқиды, олардың ішінде мемлекеттік білім беру гранты бойынша 168, келісімшарт бойынша 233 студент дәріс алуда. Университетте Қытайтану кафедрасы және Конфуций институты жұмыс істейді. Айта кету керек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сиань қаласына мемлекеттік сапары аясында 2023 жылғы 18-19 мамырда Шенжен университетімен өзара түсіністік туралы келісімдерге қол қойылды. Университет ректоры осы ынтымақтастықтың келесі кезеңі биология және биотехнология саласындағы бірлескен зерттеулер болатынын атап өтті.
Кездесуде ҚазҰУ басшысы университеттегі медицина және денсаулық сақтау, биология және биотехнология факультеттерінің қызметіне тоқталды.
Өз кезегінде профессор Синьцзи Сю Шенжен университетінің ғылыми-білім беру қызметі туралы хабардар етті. Келіссөздер барысында тараптар ағымдағы ортақ жобаларды талқылап, алдағы жоспарлар туралы айтты.
Кездесу барысында Шенжен университеті Медицина мектебінің атқарушы директоры Синьцзи Сюге (Хавьер) «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын беру рәсімі өтті.
ҚХР делегациясының өкілдері ҚазҰУ-дың 21 студентіне Шенжен университеті Медицина мектебінде жазғы мектеп бағдарламасы аясында практикадан өту үшін арнайы шәкіртақы табыстады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі