- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ресейдің Орал федералды университетінің профессорлары ҚазҰУ оқытушыларымен кездесті
06.06.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералды университетінің профессорларымен ғылыми әріптестікті нығайту мақсатында кездесу өтті.
Ресейлік делегация жұмыс сапары аясында аудармашы, түркітанушы Қайрат Жаңабаевтың 60 жылдығына арналған «Әлемдік эпикалық мәдениеттегі түркі жаңғырығы» атты ғылыми-теориялық семинарына, сондай-ақ Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтында өткен «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар саласындағы ынтымақтастық тәжірибесі мен болашағы» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты.
Делегация құрамына: Ресейдің білім академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, ОрФУ жанындағы Орал гуманитарлық институтының директоры Эльвира Саманюк, тарих ғылымының кандидаты, ОрФУ жанындағы Орал гуманитарлық институты директорының орынбасары Дмитрий Черноухов, тарих ғылымының кандидаты, ОрФУ ОГИ ғылыми және инновациялық жұмысты ұйымдастыру бөлімінің бастығы Юлия Запарий және ОрФУ ОГИ шетелдік аймақтану кафедрасының аға оқытушысы Денис Жериборов кірді.
Кездесу барысында философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев факультеттің ұжымы мен қызметі, мақсаттары мен міндеттері туралы баяндап берді. Ғылыми-білім беру жобаларын бірлесіп іске асыру саласында ресейлік әріптестермен ынтымақтастыққа ниет білдірді.
Басқосу кезінде Орал гуманитарлық институтының директоры Эльвира Саманюк жетекші Батыс университеттерінің ғалымдары басқаратын 12 халықаралық зертхананы қоса алғанда, ең заманауи құралдармен жабдықталған 72 негізгі ғылыми орталық пен 164 ғылыми-зерттеу зертханасын қамтитын ОрФУ ғылыми инфрақұрылымы туралы айтты.
«Бірегей жабдыққа қол жеткізу және халықаралық зерттеушілермен ынтымақтастық мүмкіндігі студенттердің ғылыми жұмыстарын жүргізу үшін кең мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Эльвира Эвальдовна.
Әңгімелесу барысында тараптар ынтымақтастық бағыттарын талқылап, жобаларды бірлесіп іске асыру туралы идеяларымен бөлісті. Кездесу естелік фотосессиямен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі