- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері талқыланды
06.06.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қансейіт Әбдезұлы және қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында Қансейіт Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» атты жаңа сын жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, республикалық басылымдардың бас редакторлары, жазушының қаламдас әріптестері, белгілі ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференцияның ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы: «Құрметті Қансейіт Әбдезұлы! Әдебиетші қауым өзіңізді ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Ғылыми зерттеулеріңіз жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Алдағы уақытта да қаламыңыз мұқалмай, ғылым мен білім саласының көкжиегін кеңейте беретініңізге кәміл сенемін. Бүгінгі мерейтойыңыз құтты болсын!» – деп ізгі ниетін білдірген.
Сондай-ақ мерейтой иесіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау хаттары табысталды.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев әдебиеттану ғылымында өзіндік қолтаңба қалыптастырған профессор Қансейіт Әбдезұлының еңбек жолына тоқталды.
«Қансейіт Әбдезұлының негізгі ғылыми-педагогикалық қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сын жанрында жемісті еңбек етіп келеді. Қазақ әдебиетінің тарихына, әдеби сынға арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазды. Білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. ҚазҰУ-дың филология факультетiнiң деканы қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде ҚазҰУ-дың Абай ғылыми-зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер ретінде ұлы Абай мұрасын зерттеуге елеулі үлес қосып келеді. Қансейіт Әбдезұлының әдебиеттану саласындағы ізденістері түркі әлеміне ортақ еңбек ретінде бағаланды», – деді ректор.
Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебайұлы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, Атырау облыстық сотының төрағасы, көрнекті заңгер-ғалым Бауыржан Жұмағұлов, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, «Атамұра» корпорациясының президенті, философия ғылымының кандидаты Рақымғали Құл-Мұхаммед, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, суретші Ерболат Төлепбай және өзге де ғалымдар мен профессорлар сөз сөйлеп, Қансейіт Әбдезұлының қаламгерлік, қайраткерлік қырын ерекше атап өтті.
Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі