XII жазғы универсиада ойындарында Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің шахматтан құрама командасы жүлделі I орынды иеленді.
Жарысқа ҚазҰУ-дың ерлер құрама командасынан ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенті Сұлтан Аманжол, механика-математика факультетінің 2 курс студенттері Алмас Шудабай, Сағыныш Бормағамбетов қатысса, әйелдер құрама командасын ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенті Қонысбай Шапағат, медицина факультетінен Аружан Шаукен және биология және биотехнология факультетінен Диана Артемьева сынға түсті. Осылайша университеттер арасындағы дүбірлі додада 16 жалпы ұпай санымен университет құрамасы жеңіске жетті. Бұл спорт түрінен құрама команданың жаттықтырушысы ҚазҰУ спорт клубының оқытушысы - Серікбай Шыңғысхан.
Бүгінде аталған спорттық шараға еліміздің 55 жоғарғы оқу орнынан 3000 студент қатысуда. Олардың барлығы 17 спорт түрінен сайысқа түсуде. Жарыс кестесі бойынша қазіргі уақытқа дейін үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетикадан жеңімпаздар анықталып үлгерді.
Үздіктер қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті көш бастап тұр.
Ақтау қаласында 24 мамырда бастау алған XII жазғы универсиада ойындары 24 маусымға дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі