Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті мен Венгрияның Дебрецен университеті өкілдері онлайн жүздесті. Онда екі ЖОО арасындағы ынтымақтастық, әріптестік мәселелері қарастырылды.
Кездесуге ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байқонақов, Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, PhD Ринат Жұматаев, профессор Аманжол Қалыш, деканның ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық қатынастар бойынша орынбасары Маржан Дәуітбекова, аға оқытушы Айнұр Ермекбаева т.б. қатысып, ынтымақтастық орнатты. Ал Дебрецен университеті (Венгрия) тарапынан профессор Бикзо Габор, Назира т.б. қатысты.
Кездесу барысында тараптар магистратура және докторантура деңгейінде студент алмасу, қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, антропология, музей ісі және ескерткіштерді қорғау, тарих мамандықтары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау, ғылыми-зерттеу бағытында тағылымдамадан өту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ ғалымдар бірлескен археологиялық-этнографиялық экспедицияларды жүзеге асыру, антропологиялық зерттеулер жүргізу, заманауи музей экспозицияларын жүзеге асырудың теориялық және практикалық жұмыстарын бірлесе зерделеу мәселелерін талқылады.
Екі тарап та этнология және музеология бойынша қазақ-венгр ғылыми орталығын ашуды құптады. Нәтижесінде өзара ықпалдастықты нығайту мақсатында екіжақты меморандум жобасы әзірленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі