Жаңалықтар

Ұстазымыз ұшқыр ойымен баурап алатын

08.06.2023

Халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы болған профессор Гүлжауһар Жамбатырова жаңа мамандықты жетілдіру саласында орасан зор еңбек етті. Ол өзінің адами қасиеттерімен қоса, жан-жақты біліктілігін факультеттің қалыптасуы мен нығаюына арнаған еді. 

Гүлжауһар Шағатайқызы 1943 жылы 29 мамырда Ресейдің Челябі облысы Вернен ау­да­нындағы «Солнце» селосында дү­ние­ге келген. Өзінің қайсар мі­незі мен білімге деген құш­тарлығы 1961 жылы Челябі об­лысындағы Чесмен ауданының Горький орта мектебін үздік бағамен бітіргеннен кейін Челябі қаласындағы Мемлекеттік педа­го­гикалық институттың тарих фа­культетіне түсуге мүмкіндік ту­ғы­зады. Дегенмен елге, атамекенге деген сағыныш 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің тарих факультетіне ауысумен аяқталды. ҚазМУ-дағы білімін 1966 жылы толық та­мам­дайды.  

Жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман ең алдымен Мем­ле­кеттік өнер инс­ти­тутында аға лаборант қызметін атқарып, 1970 жылы Қазақ мемлекеттік универ­си­тетінің тарих фа­куль­те­тіндегі Жалпы тарих кафедрасына ассистенттік қызметке қабыл­да­нады. Кафедрада қызмет ат­қар­ған төрт жыл көлемінде ұстаздық тәжі­ри­бесі шыңдала түскен Гүл­жауһар Шағатай­қы­зының ғы­лыми ізденіске деген бе­йім­ділігі де айқын аңғарылған еді. Ас­пи­рант кезінде Г.Жамбатырова әлем­дік халықаралық қатынастар тарихы мен еуропалық дипло­ма­тияның қыр-сырын білуге тал­пынды. Жалпы халықаралық қа­тынастар тарихына ерекше көңіл бөлуі Гүлжауһар Шаға­тай­қы­зының болашақ тағдырына ті­ке­лей әсер еткені сөзсіз. Осы бағыттағы ізденістің нәтижесі 1978 жылы 17 мамырда кеңестік дәуірде танымал болған тарих ғылымының докторы, профессор И.С.Галкиннің ғылыми жетек­ші­лігімен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың тарих факультетіндегі Жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы жанында «Позиция Германии в Ближневосточном кризисе 1875-1878 гг.» атты кандидаттық диссертацияны қорғауымен аяқталды. 

Мәскеу аспирантурасындағы білім алу мерзімі аяқтала салы­сы­мен, Гүлжауһар Шағатайқызы өзінің шыққан білім ордасы – Қазақ мемлекеттік универ­си­т­е­тіне қайта оралып, тарих фа­куль­те­тіндегі Жалпы тарих ка­фе­драсында аға оқытушы, кейін доцент ретінде қызметін жалғастырды. Көп ізденіп, оқып-тоқығаны сол кезде де, кейін де өзіне үлкен жәрдем болды, қандай іс бастаса да, нәтижеге жетті. Қай салада еңбек етсе де, халық игілігі үшін деп жанын салды. 1977 жылы тіпті Қазақ­стан­ның үкі­меттік деле­га­циясының құрамында Түр­кия­ның Бурса қаласындағы құрылтайда болып қайтуы Гүлжауһар Шаға­тай­қы­зының қоғамдық жұ­мыс­тағы белсенділігін де аңғартады.

Гүлжауһар Шағатайқызы та­бан­дылық пен еңбекқорлық ар­қасында дегеніне жет­ті. Соның нә­тижесінде 1984 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қыз­меткері» төс­бел­гісімен мара­пат­талды. Өзінің білімін жетілдіру мақ­сатында 1988 жылы Бер­лин­дегі Гумбольдт атындағы уни­вер­ситетте ғылыми тағылымдамадан өтеді. Сонымен бірге осы жыл ішінде Германия Феде­ра­тивтік Республикасындағы Гармиш қа­ла­сындағы Дж. Маршалл атын­дағы Қауіп­сіз­дік мәселелерін зерт­теу бойынша еу­ро­палық ор­талықта халықаралық кон­фе­­ренцияға қатысып, «Аймақтық тұрақ­тылық және Орталық Азия­дағы қауіпсіздік» атты тақырыпта баяндама жасайды. Бұл ғылыми сапарлар Гүлжауһар Шаға­тай­қызының білімдарлық өрісін биіктете түседі.

«Ұйымдастыра білген ұтады» де­гендей, Г.Жамбатырова өзінің еңбекқорлығы мен ұжымдағы беделінің арқасында 1992-93 жылдарда тарих факультетінің сырттай оқу бөлімінің деканы қызметін атқарса, 1993 жылдан 1995 жылдың ортасына дейін тарих факультетінің деканы бол­ды. Дәл осы кезеңде тарих фа­культетінің ішінде заман тала­бына сай халықаралық қа­­ты­настар саласындағы ма­ман­дарды даярлау ісі қолға алына бастаған еді. 

1992 жылдың басында про­фессор Жарас Ибрашевтің тарих факультеті ая­сында елімізде қа­зақтың алғашқы ха­лық­аралық қа­тынастар саласындағы ма­ман­дарын даярлау туралы ұсынысын қол­­­дағандардың алғашқы ш­е­бінде Гүлжауһар Шағатайқызы тұр­ды. Кейін жаңа мамандық бо­йын­ша ашылған топ­тар­да доцент Г.Жамбатырова халықаралық қа­тынастар тарихы бойынша дәріс беруге құлшына кірісті. Аспирантура кезінде алған білімі мен шетелдік сапарларда жи­наған тағылымы жаңа ма­ман­дық­та дәріс оқуға сайма-сай келді. Дәріс оқу кезіндегі ұшқыр ой түйіндеулері мен мәселені жет­кізудегі өзіне тән мәнері сту­денттерді баурап алатын еді. Сонымен бірге киім кию­дегі тал­ғам­паздығы оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттерін толықтыра түсетін. 

Халықаралық қатынастар ма­ман­дығы бойынша білім алып жатқан студенттер қатарының жылдан-жылға арта түсуі енді тарих факультеті шеңберінен шығып, жаңа факультеттің іргесін қалаудың кезеңі жет­кені бай­қалды. Бұл үдерісті бақылауында ұс­таған кафедра меңгерушісі, та­нымал профессор Ж.Ибрашев 1995 жылы фа­куль­теттің ашы­луы­на ұйытқы болды. Про­фес­сор Ж.Ибрашев өз естеліктерінде жаңа фа­культеттің деканы ре­тінде тарих фа­культетінің деканы Г.Жамбатырованың ұсы­­­ныл­ғанын және бұл өте орынды таң­дау бол­ғанын айтады. Оң ше­шім­нің нәти­же­сінде Қазақ ұлттық уни­верситетінің халықаралық қатынастар факультетінің тұ­ң­ғыш деканы болып Гүл­жау­һар Жам­ба­тырова тағайын­да­лады. Г.Жам­ба­ты­рова халықаралық қатынастар фа­куль­тетінің деканы ретінде қызмет еткен 1995-2001 жылдар аралығында жаңа ма­ман­дықтың аяғынан тік тұруына орасан зор еңбек сіңірді. 

Г.Жамбатырова өзінің ғылы­ми зерттеу бағыты бойынша еу­ро­палық инте­гра­цияның мәсе­ле­лері мен қазіргі кезеңдегі ха­л­ық­аралық қатынастар мә­се­лелеріне қатысты бірқатар ғы­лыми еңбектердің, оқу және әдістемелік құралдардың авторы. Ғылым саласында да жас із­денушілерге ғылыми жетекшілік жасауға уақыт таба білді. Гүл­жауһар Шағатайқызының ғы­лыми жетекшілігімен бірқатар жас ғалымдар өз диссер­та­ция­ларын ойдағыдай қорғады.

Университет, факультет шең­бе­рінде өткізілетін студенттік мә­дени шаралардың Г.Жам­ба­тырова нағыз жанкүйері болды. Халықаралық, республикалық және уни­вер­ситеттік деңгейде ұйым­дас­тырылатын ғы­лыми кон­ференциялар, саяси пікір­са­йыс­тар сияқты іс-шараларға сту­денттердің белсенділік танытуын жан-тәнімен құп­тайтын. Фа­куль­теттің «Дипкорпус» КВН тобының уни­верситет шеңберінде ғана емес, республикалық деңгейдегі жеңістері Гүлжауһар Шағатай­қы­зының қолдауының арқасында еді. Студенттермен бірге Ыстық­көл­де өтетін студенттік шараларға да бірге ілесіп, қастарында жү­ретін. 

Гүлжауһар Шағатайқызы – ха­лық­ара­лық қатынастар маман­дығының қалыптасу үде­рісінің қай­наған ортасында жүрген, сол ортаның елеулі де қалаулы тұ­л­ғасы ретінде танылған, болмыс біті­мі жас ұрпаққа ғана емес, замандастарына да үлгі-өнеге бо­лар­лық тұлға еді.

Ол үлкенге де, кішіге де нағыз ақылшы дос бола алатын. Қа­ба­ғыңа қарап-ақ кө­ңі­ліңдегі кірбіңді байқап, әбігерге түсетін. Сондай жаны нәзік сезімтал бол­ған­дықтан, бір нәрсені ол кісіден жасырып қалу мүмкін емес-тұғын. Адамның ішкі жан дүниесін түсініп, бірге күліп, бірге жылай алатын жан еді. Осындай адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, еліктей түсетінбіз.

Гүлжауһар Шағатайқызының шәкірт­те­рі жыл сайын факуль­те­тіміздің табал­ды­рығын аттаған бірінші курс студенттеріне ха­лық­аралық қатынастар факультетінің мәні мен маңызын, құрылу та­ри­хын, тұңғыш деканның жаңа ма­мандық үшін сіңірген еңбектері жайлы насихаттап отырады. Со­нымен бірге университетте «Фа­раби әлемі» шеңберінде жыл са­йын «Жамбатырова оқулары» өткізіліп келеді. 

Жұртына ізгі мұра қалдырған ұла­ғатты ұстазымыз, қазақтың біртуар зиялы қызы Гүлжауһар Шағатайқызының бейнесі еш­қа­шан ұмытылмақ емес, оның жолы – бәрімізге мирас. Ұстазымыз тірі болғанда, 80 жасқа толар еді. Амал қанша...

Амангелді ӘЛІПБАЕВ,

Бақыт БӨЖЕЕВА,

халықаралық қатынастар факультетінің доценттері