Жаңалықтар

ҚазҰУ БАӘ Ұлттық архив және кітапханаларымен тәжірибе алмасады

08.06.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – проректор Әсел Уәлиева Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық архив және кітапханасының бас директоры Абдулла Мажид әл-Әлимен кездесіп, әріптестікті нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Жүздесуде ҚазҰУ проректоры бүгінде ҚазҰУ-дың БАӘ жоғары оқу орындарымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық байланыстың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда серіктес университеттермен бес келісімге қол қойылған. Олар: америкалық Рас Әл-Хайм университеті, Білім берудегі инновациялар және білім саласындағы жеке шешімдер орталығы, Дубайдағы америкалық колледж, Халықаралық мәдени дипломатия институты және Шарджа университеті. Биыл мамыр айында ҚазҰУ-да ИЫҰ-ға қатысушы елдердің білім министрлерінің кездесуі өтті.

Біріккен Араб Әмірліктерінде академиялық ұтқырлық аясында студенттер білім алып, оқытушылар конференциялар мен симпозиумдарға қатысуда. Университетте шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында арабтану бөлімшелері жемісті жұмыс істейді.

Университет Дүниежүзілік ислам жастары қауымдастығы, ISESCO, Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) және басқа да қауымдастықтармен байланыс орнатқан. ИЫҰ-мен ынтымақтастық шеңберінде 2019 жылдан бері дөңгелек үстелдер, семинарлар және кездесулер өткізіліп, онда ғылыми, инновациялық интеграция мәселелері талқыланады.

«ҚазҰУ-да «Кітапханалық ақпараттық жүйелер», «IT архивтану және құжаттану», «Архивтану, құжаттану және құжаттамалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтар бойынша мамандар даярланады. Факультет базасында «Арабтану» орталығы жұмыс істейді. Катар, БАӘ және Сауд Арабиясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біз бұл бағытты белсенді дамытуға ниеттіміз. Серіктестікті нығайтуға бағытталған бастамаларыңыз бен идеяларыңызды қолдаймыз», – деді проректор.

Өз сөзінде Абдулла Мажид әл-Әли мырза 1968 жылы шейх Заид бин Сұлтан әл-Нахаянның басшылығымен құрылған Ұлттық архив және кітапханасының қызметі туралы айтты. Ол БАӘ мен Парсы шығанағы аймағының тарихына қатысты мұрағаттық материалдар мен тарихи құжаттарды жинақтау саласында маманданған.

Сондай-ақ кездесу аясында тараптар кітапхана ісі және мұрағаттану саласында тәжірибе алмасу, ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері үшін Ұлттық архив және кітапханасында (БАӘ) жыл сайынғы негізде біліктілікті арттыру курстарын өткізу, «Арабтану» орталығының материалдық және оқу-әдістемелік базасын жаңарту, сондай-ақ кітапхана саласында конференция, симпозиум, дөңгелек үстелдер өткізу сынды ынтымақтастық бағыттарының келешегін талқылады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі