- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ мен Ресей прокуратура университеті құқықтық білім беруде серіктес
09.06.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, профессор Еркін Дүйсенов РФ үкіметі жанындағы «Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының заң ғылымы мен мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты.
Конференция аясында Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының (ЗжСҚИ) ғылыми мұрасы мен жаңа басылымдарының тұсаукесері, ЗжСҚИ-дың 100 жылдығына арналған «Құқыққа қызмет ету» деректі фильмінің, сондай-ақ институт атына келіп түскен бейнеқұттықтаулардың көрсетілімі өтті.
Конференцияны ұйымдастырушылар әріптестерін құттықтап, қонақтарға алғыстарын білдірді. Пленарлық отырыста РФ адам құқықтары жөніндегі уәкіл, заң ғылымының докторы, профессор Татьяна Москалькова, Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің президенті Владимир Филиппов, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Құқық институтының директоры, заң факультетінің деканы Мо Цзихун (Mo Jihong) және т.б. сөз сөйледі.
Конференция барысында университеттер мен мемлекеттік институттар өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов «ЕАЭО елдерінің конституциялық заңнамасы: конституциялық заңнаманы унификациялау мен үйлестірудің кейбір проблемалық мәселелері» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының (ЗжСҚИ) 100 жылдығына арналған конференция жұмысына Беларусь, Иран, Қазақстан, Қытай, Өзбекстан елдерінен келген көрнекті ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысты.
Мәскеу сапары барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, профессор Еркін Дүйсенов РФ Прокуратура университетінде болып, университет ректоры, профессор Игорь Мацкевичпен кездесті. Е.Дүйсенов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан РФ Прокуратура университетінің басшылығы мен ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Айта кету керек, Ресей Федерациясы прокуратурасының ғылыми-зерттеу институты 1963 жылы 30 мамырда құрылды және оның қызметі қазіргі әлемнің өзекті құқықтық мәселелерін қамтиды.
Сапар барысында профессор Еркін Дүйсенов ҚазҰУ ректорының тапсырмасы бойынша Ресей жоғары оқу орнының басшысымен өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылап, ресейлік әріптестеріне естелік сыйлық пен кітаптар табыс етті. Әрі қарай профессор РФ Прокуратура университетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы алдында «ЕАЭО елдерінің конституциялық заңнамасы: интеграция мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды.
Дәріс барысында Қазақстан мен Ресей мысалында қарастырылған ЕАЭО елдеріндегі конституциялық заңнаманың даму бағыттары айтылды. Еркін Ерманұлы Ресейдің 2020 жылғы және Қазақстанның 2021 жылғы конституциялық реформаларын салыстырмалы талдау негізінде ұлттық заңнаманы жетілдіруде Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің оң тәжірибесін пайдаланудың тиімді жолдарын саралады.
«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде заңнаманы біріздендіруге және үйлестіруге бағытталған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде өзара ортақ іс-қимылды және басқа да шараларды қамтитын ұсыныстар енгізілуі мүмкін. Одақ мүшелері бұл мәселелерді бірлесіп шеше алады», – деп қорытындылады лектор өз сөзін.
Дәрістен кейін тыңдаушылар профессорға сұрақтар қойып, конституциялық заңнамаларға қатысты тұшымды жауаптар алды. Сұрақ-жауап, пікір алмасу барысында ҚазҰУ-дың заң, құқық саласындағы білім беру үрдісінің ерекшеліктері туралы да айтылды.
Профессор Е.Дүйсенов – 250-ден астам ғылыми және публицистикалық еңбектердің авторы. Ол заң ғылымының бес докторы мен 33 кандидатын даярлады.
Кездесу соңында ҚазҰУ профессорына университеттің Құқық кафедрасының ұжымы дайындаған «Конституциялық құқық» оқулығының естелік данасы табыс етілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі