Жаңалықтар

ҚазҰУ Харбин университетімен техникалық мамандықтарды бірлесіп даярлайды

09.06.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Харбин политехникалық университетінің проректоры, профессор Чжэнь Лян бастаған делегацияны қабылдады.

Кездесу барысында ҚазҰУ мен Харбин политехникалық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жүздесуде ректор ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен әріптестік байланыстарына тоқталып, оқу ордасының ғылыми-білім беру саласындағы жұмысының бағыттары мен жетістіктерін таныстырды. Сондай-ақ бірқатар ұсынысын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары аясында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісім жасалды. Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты жұмыс істейді. Харбин политехникалық университеті – Қытайдағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі. Алдағы уақытта серіктестікті арттыру бағытында жұмыстар атқару қажет. Студенттер мен оқытушыларды алмасып, тағылымдамадан өткізу керек. Бірлесіп ғылыми конференциялар, симпозиумдар ұйымдастыру қажет. Аталған жұмыстар екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығын одан әрі арттыратыны сөзсіз», – деді ректор.

Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев қытайлық әріптестерге ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобаларды таныстырып, ғылыми бағытта бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды.          

Өз кезегінде Чжэнь Лян оқу ордасының басшысына ризашылығын білдіріп, Харбин политехникалық университетінің құрылымы мен қызметі туралы айтып берді. Сондай-ақ құрметті қонақ Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестік күн санап артып келе жатқанына тоқталды.

«Қытай мен Қазақстан сенімді дос әрі түрлі бағытта серіктес. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас күн санап артып келеді. Біз ҚазҰУ бастамаларын қолдай отырып, ортақ мақсаттарды іске асырып, серіктестікті дамытуға мүдделіміз», – деді проректор.

Тараптар пікір алмасып, алдағы атқарылатын жұмыстарды саралады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі