Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтында түркітанушы, аудармашы Қайрат Жаңабаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Әлемдік эпикалық мәдениеттегі түркі жаңғырығы» атты ғылыми-теориялық семинар өтті.
Тағылымды шараға университет басшылығы, Түркітану және алтайтану ҒЗИ директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова, зиялы қауым өкілдері, Қайрат Жаңабаевтың қаламдас әріптестері, шетелдік ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Семинар барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев мерейтой иегерін құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

Көрнекті ғалым Қайрат Жаңабаев – «XV-XVIII ғасырлардағы жыраулық шығармалардың поэтикалық жүйесі», «Көркем аударманың бастапқы негіздері»,
«Эпостағы түркі мифі, дәстүр мен ритуалдар» т.б. көптеген ғылыми еңбектердің авторы.
Семинар аясында Қайрат Жаңабаевтың «Дәстүр мен ритуалдағы поэтикалық мәтін: шығу негіздері, түрлері, қызметтері» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта көне түркі эпосы жан-жақты талданып, өзге де көне халықтардың эпостарымен салыстырылған. Сонымен қатар автор америкалық ғалымдар Перри мен Лордтың теориясымен бірге қарастырылатын бұл эпостардың қайталанбас ерекшеліктерін бөліп көрсетуді мақсат еткен.

Шараға Германиядан Г.Соккоро, Испаниядан К.Ламберти, Перуден Р.Дэвид және т.б. шетелдік ғалымдар қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ Қайрат Жаңабаевтың әріптес-достары баяндама жасап, естеліктерімен бөлісті.
Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі