Жаңалықтар

Ең үлкен оқу әдістемелік бірлестігі ҚазҰУ-да

12.06.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің (РОӘК) оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысы өтті.

Бірлестік отырысы Абай облысында орын алған өрт салдарынан қаза болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды.



Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева, республикамыздағы жоғары оқу орындарының өкілдері, ҚазҰУ оқытушы-профессорлары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты білім беру бағдарламаларының іске асырылуын және кадрларды даярлау саласын талдау мен талқылауға бағытталған.

Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Білім және ғылым жүйесі түбегейлі реформалауды талап етеді. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін» деген сөзін тілге тиек етті.

ҚазҰУ жанындағы Оқу-әдістемелік бірлестік – математика және статистика, физика және химия ғылымдары, инженерия және инженерлік іс, биологиялық және сабақтас ғылымдар, қоршаған орта, бизнес және басқару, тілдер және әдебиет, гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар сынды кадрларды даярлаудың тоғыз бағытын қадағалайтын ірі бірлестіктердің бірі.      Биыл Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оның негізінде еліміздің жоғары оқу орындары жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруды, студенттердің барлық санаттары үшін инклюзивті орта құра отырып, университет ғылымын дамыту және басқа да жоспарлы түрдегі жұмыс атқарылды.

Өз сөзінде ҚазҰУ ректоры тұжырымдамада көрсетілген мәселелерді шешу елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына нақты үлес қосуға көмектесетінін атап өтті. Аталған міндеттерді шешуде оқу-әдістемелік бірлестіктер маңызды рөл атқарады. Жоғары оқу орындары академиялық, ғылыми, әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелер бірлесіп талқылануы қажет. Университеттер шетелдік серіктестермен және сарапшылармен бірлесіп мақсаттарды жүзеге асыру үшін тәжірибе алмасуы керек. Жұмыс берушілердің, мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлерін ескеру, оқу-әдістемелік бірлестіктің жаңалықтары туралы хабардар ету қажет. Оқытушы ғалымдар нормативтік-құқықтық актілерге және басқа құжаттарға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы толық хабардар болуы тиіс.

Пленарлық отырыс барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаеваның жоғары оқу орындарына кадрлар даярлауға арналған баяндамасы тыңдалды. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Лейла Сырымбетова «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының оқытушысы» кәсіби стандартының жобасы туралы баяндама жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультеттерінің декандары кадрлар даярлаудың өзекті мәселелеріне қатысты баяндама жасап, өз ұсыныстарымен бөлісті. РОӘК бағдарламасы аясында «Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің белгісі бар оқу басылымдары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі