- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ганира Пашаева: Қазақстан – Әзірбайжан рухани байланысы артып келеді
13.06.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әзірбайжан Республикасының 3-ші президенті Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция аясында Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы, Әзірбайжан – Қазақстан парламентаралық байланыстары жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, профессор, доктор Ганира Пашаева көшбасшылық дәріс оқыды.
«Әзірбайжан – Қазақстан қатынастары: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы дәріске Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, зиялы қауым өкілдері, Әзірбайжан Республикасынан келген делегация мүшелері, шетелдік ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Іс-шарада университет ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Әзірбайжан қарым-қатынасының маңызына тоқталды.
«Әзірбайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Біздің дініміз, тіліміз, мәдениетіміз бен тарихымыз ұқсас. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 27 тамызында басталды. Сол уақыттан бастап екі елдің президенттері ұдайы екіжақты кездесулер өткізіп, түрлі халықаралық алаңдарда жиі кездесіп тұрады. 1993 жылы Баку қаласында Әзірбайжан – Қазақстан достық қоғамы құрылды. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастық бүгінде жаңа бағытта дамып келеді», – деді ректор.
Өз кезегінде Ганира Пашаева көшбасшылық дәрісінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынасы туралы ойларын ортаға салып, қазақ халқына ақжарма тілегін жеткізді.
«Бізге Қазақстан бөтен ел емес. Біз бір ұрпақтан тараймыз. Тегіміз бір. Біз Қазақстанға келсек, Әзірбайжанның бір қаласына келгендей боламыз. Себебі Қазақстанда өзімізді еркін сезінеміз. Географиялық жағынан бір-бірімізден алыс болсақ та, қанымыз бір, көңіліміз жақын. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында көптеген құжаттарға қол қойылды. Қазіргі таңда екі мемлекет арасындағы сауда-саттық, экономикалық қатынас пен рухани байланыстар күн санап артып келеді. Сондықтан біз Қазақстан мен Әзірбайжанды бір ұлт, екі мемлекет деп түсінеміз. Бір қаннан тараған екі мемлекет алдағы уақытта жақсы қарым-қатынаста болатынына сенімдіміз», – деді Ганира Пашаева.
Сондай-ақ спикер өз сөзінде журналист болып қызмет етіп жүрген кезде Қазақстанға Гейдар Әлиевпен бірге ресми сапармен келгенін айтты.
«Мен Әзірбайжан Республикасының 3-ші президенті Гейдар Әлиевпен бірге Қазақстанға журналист болып ресми сапармен келдім. Сол кезде Гейдар Әлиев бізге «Қазақстан туралы жақсы жаңалықтар айтыңыздар» деп тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы орындап, Қазақстан туралы арнайы сюжеттер дайындадық. Президенттің ресми сапары және Қазақстан туралы сюжетті Әзірбайжан халқы көрген болатын», – деді спикер.
Шара соңында университет ректоры Жансейіт Түймебаев Ганира Пашаеваны «Әл-Фараби» алтын медалімен марапаттады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі