Жаңалықтар

ҚазҰУ-да инклюзивті жазғы лагерь жұмысы басталды

16.06.2023

Әл-Фараби кітапханасы базасында 8-14 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға арналған Camp for All атты инклюзивті жазғы лагерінің жұмысы басталды. Шараны философия және саясаттану факультетінің Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы ұйымдастырды.


ҚазҰУ-да биыл инклюзиялық білім беру жүйесін дамыту жолдарын қарастыруға бағытталған халықаралық-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел сияқты бірнеше шара өтті. Сонымен қатар ағымды жылдың мамыр айында философия және саясаттану факультетінде өткен ғылыми кеңестің күн тәртібі бойынша инклюзивтік білім беру жүйесі бойынша педагогика ғылымының докторы, профессор Ақмарал Мағауованың баяндамасы тыңдалды және факультет тарапынан тәжірибелік ықпалдасу мақсатында инклюзивті бағыт бойынша балаларға арналған лагерь өткізу ұсынылды.

Бағдарлама аясында актерлік шеберлік, интеллектуалды ойындар, би, робототехника, сурет сабақтары өтіп, ботаникалық саябаққа, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне, ҚР Орталық музейі және Алматы қаласының мәдени-ағарту орындарына экскурсия, түрлі бағыттар бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылуда.

Лагерь жұмысына Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының білікті мамандары, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқытушылары және аталған кафедраның С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен бірлескен «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» мамандығының магистранттары атсалысуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі