- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Білімдегі цифрландыру мүмкіндіктері
19.06.2023«Цифрландыру тұтас елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы факторға айналды. 2025 жылға қарай әлемдегі цифрлық нарық 50 пайызға артып, 6,8 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Болжам бойынша 10 жылда әлемдегі тауар өндірісі мен көрсетілетін қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл үрдістің Қазақстан үшін аса маңызды екенін анық түсінеміз. Басқаша айтқанда, цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болуды көздеп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда өткен шетелдік инвесторлар саммитінде.Мемлекет басшысы жуырда әлемдегі 62 ел Орталық Азияның орнықты дамуы үшін Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдағанын айтты. Цифрлық дамуға біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де қомақты үлес қосып отыр. Оны төмендегі мақаладан оқи аласыздар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жетекші жоғары оқу орны ретінде нарықта сұранысқа ие кадрларды даярлау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізуде. Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы білім беруді цифрландыру – бұл саланы реформалау үрдісіндегі басты тенденциялардың бірі. Қазір әлем елдерінің өмірінде цифрлық технологияның дамуы шешуші рөл атқарады. Ол экономиканың барлық саласын қамтыған, онсыз ілгерілеу жоқ. Бүгінде дамыған цифрлық инфрақұрылым білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн курстардың желілері мен платформаларын дамыту, көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру – уақыт талабы.
Қара шаңырақ ҚазҰУ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім саласын цифрландыруда алдыңғы қатарда келеді. ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде айналысуда. Былтыр университет QS әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары арасында халықаралық рейтингте 150-орынға тұрақтады. Бірнеше оқу бағдарламалары EUR-ACE® Label еуропалық сапа белгісін иеленген. ҚазҰУ қосдипломдық жүйе бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен 70-тен аса бағдарламаны жүзеге асырып отыр.
Ірі жоғары технологиялы корпорациялар университеттің зерттеу және білім беру жұмыстарын бірлесе атқаруға ниет білдірді. ҚазҰУ-да Hewlett-Packard, Cisco, Koniсa Minolta, Fujitsu, Samsung, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei, SAP және тағы басқа әлемдік компаниялардың 16 ғылыми-білім беру орталықтары құрылған.
ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жаңа Жібек жолы университеттерінің альянсымен бірлесіп, халықаралық IT-технопаркін құрды. Бүгінде ҚазҰУ-да IT-технологияларды дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Атап айтқанда: университеттің қызметін автоматтандыру үшін бұлтты технологиялар, кампустың инфрақұрылымын басқару мақсатында smart-технологиялар, талдау жүйесiн қалыптастыру үшiн Big Data технологияларын енгізу, сондай-ақ ІТ қызметтерінің аутсорсингін дамыту жоспары бар. Осылайша әлемге әйгілі Microsoft компаниясы университеттің заманауи IT-технологияларды дамыту және кеңінен енгізудегі жұмысын жоғары бағалады. ҚазҰУ – Microsoft Campus Connections саммитінде «Э-кампус» жобасын ұсыну мүмкіндігіне ие болған ТМД елдеріндегі бірден-бір университет. Бұл жоба компания өкілдері мен шетел университеттерінің қызығушылығын тудырды. Microsoft ҚазҰУ-дың стратегиялық әріптесі ретінде университетте Microsoft Power BI бұлт бизнес-талдау қызметін енгізуде. Университеттің «E-campus» бағдарламасы аясында барлық бизнес-процестер цифрлық форматқа ауыстырылды. Оқу процесін, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік-экономикалық және әкімшілік-басқару қызметін интеграциялық басқару заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған жағдайлық басқару орталығымен қамтамасыз етілуде.
ІТ және қашықтан оқыту технологияларын белсенді дамыту ашық білім беруді дамытуға ықпал етті. ҚазҰУ-дың жеке ашық онлайн-курстарын құру жөніндегі жұмысы ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясы және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ашық білім берудің ұлттық платформасын (moocs.kz) құруға мүмкіндік берді. Бұл бастамаға Жаңа Жібек жолы университеттер альянсының жоғары оқу орындары да қолдау білдірді.
Соның ішінде білім беру саласында ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының ғалымдары да туристік салада білікті де білімді мамандарды даярлауда және университеттің қарқынды дамуына атсалысуда. Қазіргі уақытта кафедра «Туризм», «Мейрамхана және қонақүй ісі» білім беру бағдарламаларының топтары бойынша бакалавриат – магистратура – PhD докторантура жүйесі бойынша жұмыс істейді. Кафедра 2012 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында алғаш рет дүниежүзілік туристік ұйым UNWTO TedQual жүйесінде туристік білім беру сапасын халықаралық сертификаттау рәсімдерінен өтті. Мадридтегі UNWTO штаб-пәтерінде «Bachelor in Tourism» және «Master in Tourism» білім беру бағдарламалары сапасының халықаралық стандарттарына сәйкестігі туралы дипломдар табыс етілді. 2015 жылы бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары білім беру қызметтері нарығындағы көшбасшылық ұстанымдарын растай отырып, FIBAA жетекші еуропалық аккредиттеу агенттігінің сапа сараптамасынан және аккредиттеуінен өтті. 2019 жылдан бастап маманданудың негізгі бағыттарына бизнес-қоғамдастықтағы әріптестермен ынтымақтастықта іске асырылатын және практикалық бағытымен ерекшеленетін «Мейрамхана ісі және қонақүй менеджменті» бағыты қосылды.
Былтыр Рекреациялық география және туризм кафедрасының білім беру бағдарламалары: B091 – Туризм бакалавриат және D143 – Туризм докторантура білім беру бағдарламаларының тобы бойынша 2022 жылғы IARR рейтингіне қатысушы жоғары оқу орындарының арасында 1-орын алды және 7M11101 – Туризм магистратура білім беру бағдарламаларының тобы бойынша 2-орынды иеленді.
Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы халықаралық шарттардың негізінде кафедра ТМД, алыс шетелдердің жетекші кафедраларымен, сондай-ақ шетелдік ғылыми ұйымдармен және орталықтармен тұрақты іскерлік байланыстар мен әріптестік байланыстарды қолдайды. Олардың легі өте көп, бәрін бірдей атап өту мүмкін емес.
Сонымен қатар ғалымдарымыз «tourismkaz» мобильді қосымшасын әзірледі. Оның авторлары – Рекреациялық география және туризм кафедрасының ғалымдары. Жоба ҚР Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Доцент Әлия Ақтымбаеваның айтуынша, мобильді қосымша демалысын өз бетінше ұйымдастырғысы келетін туристер мен туристік қызметтердің әртүрлі түрлерін жеткізушілер үшін бұлтты технологиялар негізінде біріктірілген деректер базасы бар екі нұсқада жасалған.
Сонымен, туристер онлайн режимінде жергілікті туристік аймақтар туралы пікірлерді оқып, орналасқан жерін көре алады, қызығушылық турын құруға мүмкіндігі бар, тапсырыс бере алады, көлік және трансфер, тұру, тамақтану, гид, аудармашы, экскурсовод қызметтеріне ақы төлей алады. Сондай-ақ мобильді қосымшада сапарға не әкелуге болатыны туралы нұсқаулық, демалыс орнында QR кодтарын сканерлегеннен кейін демалыс кезеңінде туробъектілер туралы пайдалы ақпарат берілген. Бұл платформада туристік қызметтердің әртүрлі түрлерін жеткізушілер де тіркеле алады. Олар жеке кабинет құра алады, оған өз ұсыныстары туралы ақпаратты жүктей алады және аумақтық қағидат бойынша туристік аймақтың және Қазақстанның басқа жеткізушілерінің ұсыныстарымен интеграциялау есебінен сатуды ұлғайта алады.
Университеттің негізгі стратегиялық мақсаты – жаһандық ғылым және білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру. Бұл мақсатты жүзеге асыру білім сапасын арттырып, озық шетелдік тәжірибелерді университетке және Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына енгізу барысын жеделдетеді. Біздің университет және кафедра ғалымдары осы маңызды мақсаттың табысты жүзеге асуына барлық күш-жігерін жұмсайтын болады.
Мархаба ТУМАЖАНОВА,
аға оқытушы
Гүлнар ОРЫНБАСАРОВА,
PhD, аға оқытушы