- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Орман өртінің экологияға зияны
19.06.2023Алапат өрт барысында Семей орманы отқа оранды. Бұл өте өкінішті жағдай. Апаттан 15 адам қайтыс болып, 60 мың гектар орман өрт құшты. Осы ауыр жағдайға байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылған отбасыларға барып көңіл айтып, мемлекет тарапынан оларға көмек берілетінін жеткізді. Сонымен қатар 12 маусым «Жалпыұлттық аза тұту күні» болып жарияланды.
Төтенше жағдай дегеніміз – адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, адамның денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген немесе келтіруі ықтимал, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығынға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін апат, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай.
Қазақстан Республикасы аумағында мынадай апаттар болуы мүмкін: жер сілкінісі, сел, қар көшкіні, сырғыма, дауыл, су тасқыны, бұрқасын, өрт.
Осындай табиғи апаттардың бірі бүгінгі таңда өзіміз куә болып отырған Семей орманы өрттері.
Жалпы, «Семей орманы» мемлекеттік орман қорығының ауданы – 654 179,8 гектар. Географиялық тұрғыдан қорық аумағы Ертіс жазығы, Көкпекті-Шар таулары мен Шыңғыстау таулары шегінде орналасқан. Таспалы қарағайлы ормандар Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бегенев, Бородулиха, Бөкебаев, Долон (жазық ормансыз), Жаңасемей, Канонер, Морозовский, Жаңа Шүлбі, Семей (жазық ормансыз) тармақтарының аумақтары дала зонасына жатады.
Аумағы мынадай өсімдік түрлерінің бірегей үйлесімімен сипатталады: дала, орман, шөл, бұталы, шалғынды және батпақты. Ертіс өңірінің ленталы ормандарында жоғары сатыдағы өсімдіктер флорасы 201 тұқымдас пен 61 тұқымдастың 344 түрі арқылы қалыптасқан. Флораның негізін ангиоспермділердің 340 түрі құрайды, оның ішінде: қос жарнақтылар – 80,59 пайыз (274 түр), біржарнақтылар – 19,41 пайыз (66 түр).
Қарағай, қайың және көктерек ормандарының далалық белдеуде орналасуы бұл аумақтың бірегей құбылысы болып саналады. Дала зонасында орманның болуы судан, желден т.б. қорғайды және оның эстетикалық маңызы зор. Мұнда ормандар құмда және жерасты сулары жақын жерде кең тараған. Мұндай аумақтардың әдеттегі ландшафты – қарағай немесе көктерек-қайың ормандары мен құмды даланың кезектесуі.
Құстардың ішінде қараторғай, боз кекілік, дала қыраны, дала қаршығасы, суқоймаларында суда жүзетін құстар басым. Жарма тармағының аумағында арқар, сілеусін, қарақұйрық, суыр, қоңыр аю көптеп кездеседі.
Қорық аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген жануарлар – қара ләйлек, аққу, қарақұйрық, бүркіт, аққұйрық, ақбас сұңқар, тырна, қарақұйрық, жылан жегіш, көк қаз, қасық тұмсық, арқар, қызыл құстар бар.
Қорық аймағында жеті отрядқа жататын балықтың 25 түрі бар. Қазақстанның Қызыл кітабына төрт түрі – таймен, нельма, сібір бекіресі және балқаш алабұғасы енген.
Осыншама табиғаты бай Семей орманының өртке орануы өте өкінішті жағдай. Соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында болған дүлей апаттардың хронологиясын, оның ішінде орман өрттеріне қатысты мәліметтерге шолу жасасақ, бұдан бес жыл бұрын да аталған орманды өрт шалғанын кестеден байқауға болады.
Орман өрті кезінде 1 тонна өсімдік жанғанда атмосфераға 125 келі көміртегі оксиді, 12 келі көмірсутек, 2 келі азот оксиді және 22 келі көмір шаңы бөлінеді. Түтін шығарындыларына әртүрлі токсиканттар, соның ішінде ауыр металдар мен жасанды радионуклидтер жатады. Ірі орман өрттерінде радонның апатты эманациясы орын алады, оның өнімдері радий изотоптары (RaA, RaB және RaC) болып табылады. Олар ондаған минут өмір сүреді, сондықтан жасанды радионуклидтермен, ауыр металдар және органикалық қосылыстармен бірге тыныстаған кезде орман өрттерін сөндірумен айналысатын мамандарды қорғау құралдарының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет.
Семей орманында болған өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына кафедра ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Картография және геоинформатика
кафедрасының ұжымы