Жаңалықтар

ҚазҰУ басшысы қазақ және неміс жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысты

20.06.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен өткен қазақ және неміс жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысты.

Мемлекет басшысы Астанаға арнайы келген Германия Президентіне және неміс университеттерінің өкілдеріне алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар қазақ-неміс ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік беретін еліміздің білім және ғылым саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Ғылым мен технологияны қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру – арманым. Осы орайда, менің арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды рөл атқарады. Ал мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, әрине, біз экономикалық серіктестігімізді нығайтуға баса назар аударамыз. Неміс инвесторларының экономикамыздың дамуына белсенді атсалысуын жоғары бағалаймын. Қазақстан Үкіметі бизнес-қоғамдастықтың еліміздегі ұзақ және қауіпсіз қызметі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сіздердің бизнестегі, экономикадағы, сондай-ақ ғылыми саладағы кәсіптеріңіз табысты болу үшін Қазақстан Үкіметі қабылдайтын барлық шараны талқыладық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ректорлар форумында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйледі. Ол екі елдің жоғары білім беру, ғылыми зерттеу және студенттерді оқыту ісіндегі ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.

Жиын аясында Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Жалпы, ректорлар форумына 11 германиялық және 25 қазақстандық техникалық университеттің өкілдері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі