Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ұлыбритания жоғары оқу орындарының өкілдері жұмыс сапарымен келді. Құрметті қонақтар ҚазҰУ музейі мен Жағдаяттық басқару орталығын аралап, оқу ордасының басшылығымен кездесу өткізді.
Делегация құрамында Cormack Consultancy Group басшысы Гинтарас Степонавициус, Бирмингем университетінің халықаралық стратегиялық өзара байланыс директоры Люк Уэллс, Бирмингем университетінің профессоры Дэвид Уотерс, Оңтүстік Уэльс университетінің өкілі Джейн Уанг, Суонси университетінен келген Глин Джеймс, Уолверхэмптон университетінің халықаралық серіктестігінің бас менеджері Джо Фуллер, Really English негізін қалаушы Нейджел Киллик бар.
Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева қонақтарға университет қызметі, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы айтып берді. Проректор өз сөзінде ҚазҰУ әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз университет екенін атап өтті. Сондай-ақ сөз соңында Ләззат Еркінбаева ҚазҰУ Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде делегация мүшелері ҚазҰУ басшылығына алғыс айтып, ортақ жобаларды нәтижелі жалғастыра беретіндіктерін айтты.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі