- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ланчжоу университеті мен ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастығы артады
23.06.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Ланчжоу университетінің президенті, профессор Ян Чун Хуа бастаған делегация келді. ҚХР қонақтары үшін кампус-тур ұйымдастырылды, олар Әл-Фараби кітапханасында, ҚазҰУ мұражайында, Жағдаяттық басқару орталығында, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында болды. Сондай-ақ шығыстану факультетінде, Конфуций институтында болып, институттың 2022-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарымен танысып, Консультативтік кеңесінің отырысына қатысты.
Күннің екінші жартысында делегацияны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева қабылдады. Ол ЖОО қызметі жайында, ҚХР жоғары оқу орындары және ұйымдарымен ғылыми-білім беру өзара іс-қимылының ынтымақтастығы мен тәжірибесі туралы айтты. Бүгінгі таңда ҚазҰУ ҚХР-дың 50 ЖОО және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста, соның ішінде: Ланчжоу, Шэньчжэнь, Пекин университеттері, Шанхай шет тілдер университеті, Сиань көлік және логистика университеті және т.б. бар.
Айта кету керек, 2023 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай еліне мемлекеттік сапары аясында ҚазҰУ-дың ҚХР жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда: ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім, Қытай – Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасын СУАР География және экология институтымен бірлесіп құру туралы келісім, Шэньчжэнь университетімен өзара түсіністік туралы меморандум және т.б. Келіссөздер барысында ҚазҰУ проректоры ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасындағы тығыз байланыстардың арқасында академиялық ұтқырлық бағыты белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. 2019-2022 оқу жылдары ішінде ҚазҰУ-дың 79 білім алушысы академиялық ұтқырлық шеңберінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтті және Қытай университеттеріндегі жазғы мектептерге қатысты, сондай-ақ 37 оқытушы біліктілігін арттыру және ғылыми конференцияларға қатысу мақсатында ҚХР-ға барды.
Бүгінде ҚазҰУ-да 401 қытайлық студент оқиды, олардың ішінде мемлекеттік білім беру гранты бойынша – 168, келісімшарт бойынша 233 студент бар.
Жақында ҚазҰУ-ға Медицина мектебінің ғылыми-зерттеу және халықаралық байланыстар жөніндегі деканының орынбасары Сю Синджи мырза бастаған Шэньжэнь университетінің делегациясы келіп, ҚазҰУ студенттеріне жазғы мектептен өту үшін стипендия табыс етті, сондай-ақ ынтымақтастықты кеңейту туралы ұсыныс жасады.
ҚХР делегациясының атынан Ланчжоу университетінің президенті, профессор Ян Чунхуа сөз сөйледі. ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, ҚХР ЖОО-лары арасында рейтингте 26-орында тұрған университеттің қызметі туралы әңгімеледі. Әлемдік рейтингте оқу орны 483-ші позицияны иеленіп, Топ-500-ге кіреді. Ланчжоу – мемлекеттік университет, 1909 жылы құрылған және Қытайдың гуманитарлық және техникалық қорларымен тығыз байланыста. Кампуста Орталық Азиядағы экология мәселелерін зерттейтін орталық орналасқан.
Кездесу барысында екі жоғары оқу орнының өкілдері бірлескен зерттеулер саласында өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ ҚазҰУ мен Қытай серіктестерінің ағымдағы жобаларын іске асыру барысын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі