- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Ғылыми тарих» терең зерттеуді қажет етеді
01.07.2023Білім мен ғылымның адамзат тарихындағы маңызы жайлы әлемнің ұлы тұлғалары ықылым заманнан бері айтып, жазып, мұра етіп қалдырып келе жатыр. Қазіргі таңда да білім мен ғылымның қоғамдағы рөлі кеміген емес, керісінше, арта түсіп, жаһандық әрі халықаралық сипат алуда. Бүгінде әрбір беделді білім мен ғылым ордасы осы талапқа сай, жан-жақты білімді және өз мамандығының шебері болатын тұлғаны дайындап шығаруға күш салуда. Қазақ еліне көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлерін, бірегей мамандарды даярлайтын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі әрі жас маманы болу біз үшін мақтаныш және үлкен жауапкершілік.
Мен 2008 жылы университетіміздің Е.Бекмаханов, А.Нұрпейісов, Д.Дулатова сияқты елеулі тарихшылардың білім мен ғылым шаңырағы болған тарих, археология және этнология факультетінің «Ғылыми тарих» мамандығының студенті ретінде табалдырығын аттадым. Тарих факультетінің бірегей академиялық ортасы, жылдар бойы қалыптасқан ғылыми мектебі мен тәжірибесі маған нақ таңдау жасауға көмектесіп, «инемен құдық қазу» жолына түсуіме себепші болды. Сонымен, ҚазҰУ-дың қабырғасында магистратура, докторантура деңгейлерінде білім алып, оқытушы ретінде де тәжірибеден өтіп, қазір жас ғалымдар қатарында сүйікті университетімде қызметімді жалғастырудамын. Ұлы дана Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір шала байқайды». Осы қанатты сөз мен үшін ғылым жолындағы ұстанымыма айналғандай болып, үнемі ізденіс пен даму жолында өзімді сынауға итермеледі. Бұл жолда шет тілін үйрену, ғылымы жақсы дамыған өркениетті елдерде білімді шыңдап, тәжірибеден өту аса маңызды екені анық. Осы орайда, өзім 2013 жылы Оңтүстік Кореядағы Донггук университетінде тәжірибеден өтіп, «Тарихи мұраларды сақтауға» арналған жазғы мектепке қатыстым; 2018 жылы АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас университетінде ғылыми тағылымдамадан өттім; 2019 жылы Ресей қаласындағы Оренбург мемлекеттік педагогикалық университетінде фундаменталды зерттеулердің Ресей фонды грантының иегері ретінде тәжірибе алмастым; ал қазіргі таңда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Питтсбург университетінде «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми тәжірибеден өтудемін. Бұл бастамаларым мен халықаралық деңгейдегі ғалым болуға ұмтылысымда ұлттық университетіміз және жанашыр ұстаздарымның қолдауы зор болды.
Әрине, «ғалым» деген үлкен атаққа ие болу жолында бізге әлі де көп еңбек пен өжеттілік қажеті анық. Дегенмен бірнеше ғылыми жобаларда белсенді атсалысып, «Әл-Фараби университетінің үздік жас ғалымы» (2020), «Қазақстан Республикасының дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиясының иегері» (2021), «Жас ғалым» ғылыми жоба грантының иегері атануым ұзақ ғылыми жолдың бастауы ғана деп есептеймін.
Ерекше атап өтетінім, жаһандық ғалым болу үшін халықаралық аренада бағаланатын жоғары білім мен потенциалдан басқа, патриоттық рух пен мемлекетімізге қызмет ету ықтиярлығы да өте қажет. Осыған орай, ҚазҰУ ұстаздары бізге қазақтың ұлы тұлғасы, көрнекті ғалым Әлихан Бөкейханов мұра етіп қалдырған «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден» деген қағидасын сіңіріп, бізді ұлтжанды тұлға ретінде де қалыптастырды деп сеніммен тұжырым жасай аламын. Бұл бағытта тіпті әлеуметтік зерттеулер де дәлел жасай алады. Мысалы, атақты әлеуметтанушы П.Бурдьенің тұжырымы бойынша адам білім алып, ғылыммен айналысқан уақытында оның психологиялық құралдары, яғни тілі, белгі жүйесі, тәртіп моделі мен шешім қабылдау жүйесі – барлығы да тұлғаның елінің мәдениетімен тікелей байланысты. Ал білім болса әлеуметтік, тілдік және мәдени капиталдың өзегі болып табылады. Яғни ғылымның қаншалықты жаһанданып кеңеюіне қарамастан, адамның туған өлкесі, мәдениеті, ғалым болып қалыптасқандағы академиялық ортасы үнемі оның бойында сақталады, оған қызмет етеді.
Қорытындылай келгенде, менің студенттен бастап, ғалымдық жолымда, ондағы жетістіктерім мен ізденістерімде білімге, ғылымға баулуда, маман болып қалыптасуыма бағыт беруде, тіпті меңгерген ғылымды ел мүддесіне пайдалануда құралдар қалыптастыруда Қазақ ұлттық университетінің рөлі зор болды. Сол үшін университетімізге мың алғыс!
Ұлжан ЖАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
Дүниежүзі тарихы,
тарихнама және деректану
кафедрасының
аға оқытушысы, PhD