Жаңалықтар

Кәсіподақ балаларға сөмке сыйлады

04.07.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы университет басшылығының қолдауымен 1-сыныпқа баратын балаларға портфельдер мен оқу құралдарын табыстады.


Бұл игі дәстүр университетте жеті жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл 1-сыныпқа баратын болашақ 210 оқушы портфель, дәптер, қарындаш, акварель, сурет дәптерлерін алды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке апарар жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. ҚазҰУ басшылығы мен «Парасат» кәсіподақ ұйымы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасын ескере отырып, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, тұрақты түрде өткізуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау өте маңызды екенін үнемі айтып келеді.

Бүгінгі шара кезінде балалардың кейбіреуі алғашқы портфельдерін алып, мақтанышпен суретке түссе, екіншілері рюкзактың ішіндегі заттарын шығарып, сыйлықтарын көріп қуанды. Қыркүйекте 1-сыныптың табалдырығын аттайтын кішкентай бүлдіршіндер сүйікті кейіпкерлері бар альбомдарды, түрлі-түсті қарындаштар мен бояуларды, өшіргіштер мен қаламсаптарды, оқу құралдарын өзімен бірге сабаққа апаратын болады. Бірінші сынып оқушыларына тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры Еділ Ноянов және Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Жұмаділ жылы лебіздерін білдіріп, арнайы сөз сөйледі. Ата-аналар атынан Тіркеу кеңсесінің бас маманы Жанаргүл Саткенова кәсіподаққа алғыс білдіріп, балалардың өсіп-өніп, ата-аналарын қуантып, болашақта өмірдің биік белестерінен көріне беруін тіледі.

ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев ата-анасы университетте жұмыс істейтін болашақ 1-сынып оқушыларына портфельдерді тапсыру салтанаты корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігі болуға тиіс екенін атап өтті. ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы ЖОО әкімшілігінің қолдауымен өткен акция әлеуметтік әріптестіктің іс жүзіндегі айқын көрінісі екенін көрсетті.

                                 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі