- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да тәжірибеден өткеніме ризамын
10.07.2023Осылайша ересек өмірге қадам басып, арманыммен қатар, қарекет етер мақсатым айқындала түсті. Ес білгелі анам екеуміз теледидарға телміріп, ешбір жаңалықты жібермей, телебағдарламаларды тағатсыздана тамашалайтын едік. Сол сәттен бастап көгілдір экранның арғы жағындағы өмірді көргім келді. Жұлдыздай жарқыраған журналистермен жүзбе-жүз жолықсам дедім. Жазуға бейімделіп, кезінде анам үзбей оқитын аудандық «Кен Жылыой» газетіне жазған алғашқы мақалаларым жарық көргенде «Мен журналист боламын!» деген балалық арманыма бір қадам жақын қалғанымды сезетінмін. Содан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығының мемлекеттік грант қатарына іліккен студенті атандым. Менің бір түсінгенім, жан-тәніңмен қалаған мамандықты қанша оқысаң да, жалықпайды екенсің. Сол себептен алғашқы оқу жылы қызықты әрі жылдам өте шықты.
Студент атану – мүмкіндіктерге ие болу. Біз әр сабақта журналистиканың қыр-сырын танып, жазуға бейімделіп, болашақ журналист болуға машықтандық. Атырау университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашева ұстазымыз «Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Qazaq universiteti» газетінен оқу практикасынан өтіп, тәжірибе алмасуға барасыңдар» дегенде ерекше қуандым. Өйткені білікті журналист боламын деген әр студент аға буынның ізін жалғап, осы оқу орнында оқып білім алуды, тіпті оны көруді армандайды.
Сөйтіп, ҚазҰУ-ға да келіп жеттік. Суреттен әдемілігіне тамсана қарайтын зәулім ғимаратты көзбе-көз көрдім. Осылайша ішке имене кіріп, жетекшім, танымал журналист Гүлзат Нұрмолдақызының басшылығымен редакцияның ішкі жұмысымен таныстым. «Qazaq universiteti» басылымының бөлмелері кең, жарық, тамаша екен. Заманауи техникамен жабдықталыпты. Қара шаңырақ университеттің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің сайтын, телестудиясын, Ақпарат және мониторинг секторын, Баспасөз қызметін көріп, риза болдық. Журналистика факультетіне барып, қазаққа танымал аға-апаларымыз оқыған факультетпен танысып қайттық. Аптаға жалғасқан оқу практикасында материалдарды жинақтау, зерттеу және мақала жазу мен өңдеуге машықтандым.
Рақмет саған, ҚазҰУ!
Аида АБДРАХМАНОВА,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Журналистика кафедрасының 1-курс студенті