Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Орталық Азия білім форумына қатысты

10.07.2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен «Орталық Азия жоғары білім берудің келесі орталығы ретінде» атты халықаралық конференциясына қатысты.

Өзбекстан астанасында өтіп жатқан ауқымды іс-шараға мемлекет қайраткерлері, университет ректорлары, Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру саласындағы көрнекті ғалымдары мен танымал сарапшылары жиналды.

Форумның ашылу салтанатында Өзбекстан Республикасының жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің бірінші орынбасары Комилжон Кәрімов модератор болды. Сондай-ақ қатысушылар алдында Өзбекстан Республикасының жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Иброхим Абдурахманов, Ташкенттегі ЮНЕСКО бөлімшесінің басшысы Сара Ношади, Британ кеңесінің директоры Дениз Уоддингем құттықтау сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың баяндамасы биыл 95 жасқа толатын Қазақстандағы жоғары білім беруді дамытуға арналды. Республикада 118 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді, онда 609 мың адам оқиды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 228 мың студент білім алуда.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі еңбек нарығындағы өзгерістер болжамын ескере отырып, жаңа кәсіптер атласын жасады. Қазақстан университеттері жалпыәлемдік трендтерге сәйкес: массификациялау, цифрландыру, интернационалдандыру, корпоративтік басқару мен академиялық еркіндікті өрбіту, білім беру қызметтерінің сапасына қойылатын талаптарды арттыру сияқты бағыттар бойынша дамуда.

«Қазақстанда университеттерді интернационалдандыру стратегиясы жүзеге асырылуда, халықаралық университеттер жұмыс істейді және шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда. Академиялық және мәдени тәжірибемен, озық технологиялармен алмасуды жүзеге асыру мақсатында университеттер альянсын және Орталық Азия елдерінің студенттер альянсын құру міндеті тұр», – деп атап өтті Қазақстанның жетекші ЖОО басшысы.

Өзара тиімді серіктестік аясында ҚазҰУ-дың Өзбекстан Республикасымен – 18, Қырғыз Республикасымен – 9, Тәжікстан Республикасымен – 5 және Түрікменстан Республикасының 2 университетімен ынтымақтастық туралы өзара келісімдері бар.

«Орталық Азия жоғары білім беру хабына айналуға ұмтылуы тиіс. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз тарапынан барлық ұсыныстарды қабылдауға ашық және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі халықаралық ынтымақтастық мақсаттарына қол жеткізу үшін әріптестерімізге барынша көмек көрсетуге дайын», – деп сөзін аяқтады ҚазҰУ ректоры.

Пленарлық отырыс және панельдік секциялар аясында форумға қатысушылар Орталық Азия елдерінде жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі