Жаңалықтар

Биік парасат иесі еді...

11.07.2023

ФИЛОСОФ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ СӘДУАҚАС ТЕМІРБЕКОВ ЕСІМІ ОРТА МЕКТЕПКЕ БЕРІЛДІ

Көрнекті ғалым-педагог, мәдениеттанушы, философ, профессор Сәдуақас Темірбеков Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті философия бөлімінің 1954 жылғы түлектерінің бірі. Ардақты азамат қазақтың әйгілі философтары – Ағын Қасымжанов, Жабайхан Әбділдин, тұңғыш дисси­дент Мақ­мет Құлмағамбетпен бірге оқыды. Есімдері аталған халқымыздың біртуар, аяулы перзенттерінің әрқай­сы­сы­ның ұлт тарихындағы орны бөлек. Сәдуақас Темір­бек­ов шын мәнінде халқымыздың зиялы тұлғасы, кемел ойшыл, абыз ақсақал, мәуелі бәйтерек, ұлт қайраткері еді.

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №741 қаулысымен Түркістан облысында 26 мектеп пен үш кітапханаға тарихи тұл­ға­лардың есімі берілген болатын. Солардың қатарында Төлеби ау­даны Алғабас елді мекеніндегі жалпы орта мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Сәдуақас Темірбековтің есімі берілді. Биыл ойшыл есімінің мектепке берілуі­не байланысты Алғабас ауылында ресми ашылу салтанаты өтті. Мек­теп ауласына ғалымның бюс­ті орнатылып, мұражай кабинеті ашыл­ды. Аталған іс-шараға ҚазҰУ философия және саясаттану факуль­тетінің бір топ оқытушысы арнайы барып қатысты.

Сәдуақас Темірбекұлының Қа­зақ­стан Компартиясы орталық комитетінің ғылым және білім мекемелері бөлімін басқарған кездері еліміздің білім беру жүйесі үшін аса жемісті жылдар болды. Ғылыми-зерттеудің жаңа бағыттары қолға алынып, сапалы мамандар құрамымен толықты­рыл­ды. Ғылыми мектептердің қата­ры молайып, оқу орындары­ның материалдық-техникалық ба­за­сы күшейе түсті. Қайраткер­дің білім мен ғылым саласына сіңірген орасан зор еңбегінде азаматтық болмысы, терең білімі, талғам биігі, іскерлігі жарқырай көрінді.

Сәдуақас Темірбекұлының бі­лімі, ойшыл ғалымдығы мәде­ниет философиясын зерттеуде де нақ­ты көрініс тапты. Ғалым елімізде алғашқылардың бірі болып мә­де­ниеттану ғылымының қалып­та­суына зор үлес қосты. Аталған са­ланың теориялық мәселелерін зерделеген көптеген еңбек жаз­ды. Ғалым биік парасат иесі, ұлт­тық мәдениеттің қыры мен сырын терең меңгерген жан болумен қоса, сол мәдениеттің даналық маржандарын терген зергер һәм құнарының зерделі жеткізушісі де еді. Қазақ мәдениетінің тарихи бастауларын, өркендеу кезең­де­рін, өркениеттік арнасын, тарихы мен болашағын електен өткізіп, өзіндік болмысымыз бен дәс­тү­рімізді, дүниетанымымыз бен әдет-ғұрыптарымызды, тіліміз бен ділімізді де тереңінен са­ра­лады.

Сәдуақас Темірбековтің ең­бек­­қорлығы мен жеткен жетіс­тік­тері ғалымдар мен мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар үшін үлгі-өнеге. Еліміздің дамуына бел­сенді араласып, ғалым, қоғам қайраткері ретінде білім мен ғылым, әлеумет өміріндегі игі бастамаларға үн қосты. Мем­ле­кеттік қызметтен кейін альма матері – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сту­денттерге дәріс оқыды, ғылы­ми зерттеулермен айналысты. Әрдайым жастардың жанашыр тәлімгері болып, шәкірттеріне өнегелі білім беріп, ел алдындағы мәртебесі одан әрі биіктей берді.

Саналы ғұмырын ұлтын ағарту ісіне, ғылымға арнаған абызы­мыз­дың есімі мәңгі есімізде. Алғабас ауылындағы мектепке Сәдуақас Темірбеков есімінің берілуінің де айрықша мәні бар деп есептейміз. Туған топыра­ғы­нан түлеп ұшып, ұлт мақтанышына айналған кемеңгердің тәлімі мен мирасы жас жеткіншектерге, еліміздің болашақ қайрат­кер­леріне шын мәнінде үлгі-өнеге болары анық. 

Бекжан МЕЙІРБАЕВ,

философия және саясаттану факультетінің деканы

 Әсет ҚҰРАНБЕК,

Философия кафедрасының меңгерушісі