- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚАЗҰУ БАСШЫСЫ РЕСЕЙ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
12.07.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті ректорының ғылыми жұмыс жөніндегі кеңесшісі, белгілі ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Нұр Қирабаевпен кездесіп, әріптестік қатынастарды одан әрі арттыру бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында университет ректоры құрметті қонақты ҚазҰУ-дың жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде оқу ордасының басшысы ҚазҰУ мен Ресей халықтар достығы университетімен әріптестікті одан әрі дамыту қажет екеніне тоқталды.
«Бүгінде ҚазҰУ Ресейдің жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Ресей халықтар достығы университетімен де тығыз серіктестік орнатқан. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде МИФИ ҰЯЗУ филиалы ашылды. ҚазҰУ-ға ресейлік профессорлар арнайы келіп, дәріс оқиды. Университетімізде ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Біз білім мен ғылым саласында Ресей ЖОО-ларымен серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Ресей халықтар достығы университетімен бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша тығыз әріптестік орнатқанбыз. Бүгінде өзіңізбен бірге философия мамандығы бойынша қосдипломдық бағдарламамен білім алған түлектерге диплом тапсырғалы отырмыз. Ары қарай да ынтымақтастығымызды күшейте беруіміз керек», – деді ректор өз сөзінде.
Өз кезегінде Ресей халықтар достығы университетінің профессоры Нұр Серікұлы университет ректорына алғысын білдіріп, аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында философия мамандығы бойынша қосдипломдық бағдарламамен магистратурада білім алған түлектерге диплом табысталды.
Ректормен кездесуден кейін Нұр Қирабаев Әл-Фараби орталығының жұмысымен танысып, гуманитарлық бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық жобаларды жүзеге асыру, рейтингі жоғары журналдарда бірлескен мақалалар жариялау мәселелерін талқылады. Әл-Фараби орталығындағы кездесуге философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Дінтану және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманәлиева, Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Насимова, Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, философия және саясаттану факультетінің ғалымдары Рашид Мұхитдинов, Маржан Әлікбаева, Ақтөре Көпбай және орталық қызметкерлері қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі