Жаңалықтар

ҚазҰУ құрметті профессорымен қоштасты

12.07.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекеттік сыйлықтың иегері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаевты ақтық сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынға ҚазҰУ ұжымы, Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР ҰҒА академигі, профессор Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ҰҒА академигі, профессор Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, неміс археологиялық институтының директоры Зайнолла Самашев, Абай облысы Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смаилов, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов және университет ұжымы қатысты.   

          

Қоштасу рәсімінде оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың көңіл айту хаттары оқылды.

«Әбдеш Ташкенұлының бүкіл саналы ғұмыры Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты.1970 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетіне түсіп, оны 1975 жылы қызыл дипломмен аяқтады. 1975-1978 жылдары КСРО Fылым Академиясының Миклухо-Маклай атындағы этнография және антропология Институтының аспирантурасын бітірді. 1979 жылдың қазан айынан өмірінің соңына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде қызмет істеді.1989 жылдан бастап Археология, этнология және музеология кафедрасын 20 жыл басқарды.

Әбдеш Ташкенұлы – қазақ археологиясы мен этнографиясының дамуына айрықша үлес қосты. Әбдеш Тәшкенұлы зерттеген «Шілікті алтын адамы» еліміздің ғана емес, әлемнің тарихи-мәдени мұрасының алтын қазынасына айналды. Ғалымның соңғы жылдардағы археология саласындағы ғылыми жетістіктері әлем назарын ілікті. Әбдеш Тәшкенұлының археологиялық қазбасынан табылған жәдігерлердің Мәскеуде, Кембриджде, Қазанда өткен халықаралық көрмелерге қойылды. Әбдеш Тәшкенұлы мықты ғалым ғана емес, керемет ұстаз бола білді. Өткен жылы жиған-терген тәжірибесін жастарға үйретсін деген оймен Археология және антропология институтын ашып бергенбіз. Ақтық демі үзілгенше сол институтты басқарып, шәкірттерімен бірге экспедицияға шығып, өз ісіне адалдық танытты. Алдағы күзде 70 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқан едік. Ендігі жерде құрметті профессорымыздың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады, – деп атап өтті ҚазҰУ-дың ректор Жансейіт Түймебаев.

Одан ары ҚР ҰҒА академигі, профессор Бахытжан Жұмағұлов сөз алып, Әбдеш Ташкенұлының туған-туыстарына, жора-жолдастары мен әріптестеріне, университет ұжымына көңіл айтты. «Әбдеш Ташкенұлы Мәскеудің аспирантурасын бітіріп, ҚазҰУ-ға жұмысқа тұруға келгені әлі күнге көз алдымда. Сол уақытта ректор болған Өмірбек Жолдасбеков оның ғылыми еңбектерімен танысып, «осындай талантты ғалымдар келешекте біздің еліміздің, қарашаңырағымыздың деңгейін көтеріп, әлемге танытады. Әбдеш Тәшкенұлы университетте 45 жыл бойын жұмыс істеп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ғылыми еңбек жазып, археология саласының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, – деді Б.Жұмағұлов.

ҚазҰУ ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Әл-Фараби атындағы атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі