- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ректоры Алтай мемлекеттік университетінің президентімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады
13.07.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Алтай мемлекеттік университетінің президенті Сергей Землюковпен кездесті. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Оқу орнының басшысы Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі болып табылатын Ресеймен қарым-қатынасының стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Елдер ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты да нығайтуда. Наурыз айында Мәскеуде Еуразиялық университеттер қауымдастығының ХV съезі ұйымдастырылды, оған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы қатысты. Сәуір айында ҚазҰУ басшысы Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті. Жансейіт Қансейітұлы мәртебелі мейманды университет қызметімен таныстырып, Ресей Федерациясының әртүрлі салалардағы университеттері, институттары және ұйымдарымен ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастық тәжірибесі жайында айтты. ҚазҰУ ТМД Желілік университеті мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Желілік университеті консорциумдарының мүшесі болып табылады. Бүгінде Ресейдің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 195 келісім жасалған.
ТМД Желілік университеті аясында ҚазҰУ Ресейдің жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Алтай мемлекеттік университетімен (АлтМУ) қосдипломдық магистратура бағдарламаларын жүзеге асыруда. 2020-2023 жылдарға арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚазҰУ-дың 438 студенті бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарына барды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Ресейдің 53 студенті, білім гранты бойынша – 11, келісімшарт бойынша 42 студент білім алуда.
«Ресей университеттерімен ынтымақтастықты нығайту біз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе болып табылады. 2022 жылы ҚазҰУ базасында құрылған МИФИ филиалы табысты жұмыс істеуде, өзара тиімді серіктестік жалғасатынына және жақсы нәтиже беретініне сенімдімін»,– деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде Алтай мемлекеттік университетінің президенті Сергей Землюков құрамына үш ғылыми-зерттеу институты, зертханалар, РҒА институттарымен бірлескен ғылыми орталықтар, технопарк, ғылыми-зерттеу секторы кіретін ірі ғылыми кешен болып табылатын классикалық университеттің қызметі туралы баяндап берді. Сондай-ақ келісімдер шеңберінде ҚазҰУ-мен бірқатар бірлескен жобаларды, атап айтқанда: «Музеология және табиғи-мәдени мұраны қорғау» бірлескен білім беру бағдарламасын және «Үлкен Алтай» ғылыми-білім беру жобасын бірлесе отырып жүзеге асыратынын атап өтті.
Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту, студенттер және оқытушылармен алмасуды күшейту, екі ЖОО арасында бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру бойынша жол картасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі