Жаңалықтар

Ойталқы клубына алыс және жақын шетел ғалымдарын да шақырамыз

14.07.2023

Сейсембай КӘРІМҰЛЫ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің  

қауымдастырылған профессоры, э.ғ.к. 

Таяуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Эко­номика және бизнес жоғары мектебінің пікірталас клубы құ­рылған еді. Университет қа­быр­ғасында отандық эко­номи­каның келелі мәселе­лері мен өзекті түйіндерін ортаға салатын, ой айтып, ұсыныс білдіретін клубтың мүше­лері ұзақ жылдар бойы білім ордасында еңбек етіп келе жатқан мүйізі қара­ғайдай ға­лымдар, оқытушылар мен түрлі деңгейде білім алу­шылар. Күні бүгінге дейін пікір­сайыс клу­бының екі отырысы өтті. Осы екі басқосуда қандай мәселе көте­рілді, қандай ой-толғамдар жа­салды? Жалпы, пікірсайыс клубын құрудағы мақсат қан­дай? Осы және басқа да са­уалдарға жауап алу ние­тімен клуб жетек­шісі, экономика ғылы­мының кан­дидаты, қауым­дастырылған про­фес­сор Сейсем­бай Кәрімұлын арнайы әңгімеге шақырған едік.

– Сейсембай Кәрімұлы, ой­талқы клубын құрудағы бас­ты мақсат не? Осы жөнінде кеңі­рек әңгімелеп берсеңіз.

– ЭжБЖМ пікірталас клубын біз жоғарыға есеп беру үшін емес, қазіргі экономиканың өзекті мәселелері мен қоғамда орын алып отырған түрлі әлеу­меттік түйткілдер негізінде еркін ойлы ғалымдардың пікір алма­сатын ашық алаңына айнал­дыруды көздеп аштық. Пікір­талас клубтарын әдетте зиялы қауым, сарапшылар мен нағыз зерттеу­шілер ашады. Біздің ұжымда осындай адамдар бар екеніне сенімдіміз және оларды Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында қоғам алдына қойған зор міндеттерді шешуге, оған үн қатуға осы пікір­талас клубының жұмысы арқылы бел­сене қатысуға жұмылдыруды ойладық.

Осы жолдауда Мемлекет бас­шысы елдегі реформалардың нақты бес бағдарын белгілегенін білеміз. Сөйтіп, оны «жаңа эконо­микалық саясат» деп атады. Президент бұл бағдар бойынша нақты тоғыз маңызды міндетті шешу керек екенін көрсетіп берді. Осылайша ға­лым­­дарға, практиктерге және барлық мүдделі тұлғаларға алға қойылған міндеттердің тиімді шешімдерін табу үшін ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рының кең өрісін қолдануға шақырған еді.

Осыған орай, қазір барлық беделді университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары эко­номиканың ең өзекті мәсе­лелері талқыланатын осындай пікірталас клубтарын ұйымдас­тыруда.

Біз өзіміз құрған пікірталас клубына университет ғалымда­рымен бірге әзірше өзге жеті университет пен институттарда қызмет істейтін, өзінің ғылыми нәтижелерімен көзге түскен танымал зерттеушілерді тарт­тық. Біз бұл тәжірибені әрі қарай дамытып жалғастырамыз, со­ның ішінде алыс және жақын шетел­дердің зерттеушілерін де клубқа тарту жолын қарасты­рудамыз.

– Ойталқы клубында негі­зінен нақты қандай мәселе­лер талқыланады?

– Біздің клубымызда негізі­нен жаңа Қазақстанға тән экономи­каны қалыптастырып, оны одан әрі дамыту мәселелері жан-жақты әрі терең талқыла­нады. Бұған қоса, экономикамен тығыз байланысты әлеуметтік түйткіл­дерді әділетті шешу жол­дарын іздестіру амалдары қарасты­рылады. Алдағы уақытта клубы­мыздың жұмысын әрта­рап­тандыруды жоспарлап отыр­мыз. Атап айтқанда, жетекші ғалымдар мен практик­терді дөңгелек үстел­ге шақырамыз. Онда балама көзқарасты білді­ретін немесе бір-бірін толықты­ратын екі баян­дамашыны ұсыну тәсілін қарас­тырдық. Мәселен, қазан айын­дағы кеңесте екі баяндамашыны тыңдап, тал­қылау жоспарлануда: оның бірі – инклюзивті экономи­калық өсу проблемаларына, екіншісі – әлеу­меттік теңсіздік мәселе­леріне арналады. Сондай-ақ клуб отырыстарында еліміздегі жоғары білім сапасы сөзсіз талқыланады: ЖОО-да студент­тер арасындағы білім культі (баллға табыну емес) және оқытушылар арасында кәсіби шеберлік культі билік ету үшін не істеу керек деген толғақты мәсе­лелер жөнін­де ой қозғай­мыз. Аса маңызды ұсыныстар мен көзқарастарды уақыт өте келе, қоғамдық талқыға салуды да ойластырамыз.

– Алғашқы клуб отырысын­да қандай толғақты түйін талқыға түсті?

– Клубымыздың бірінші оты­ры­сы 19 сәуірде өтті. Профессор Мағбат Спанов «Қазақстанға қайтадан қар барысы болу үшін стратегиялық серпіліс жасауға қандай ре­формалар қажет?» деген тақы­рыпта әріптестерін ойталқыға шақырды. Өздеріңізге белгілі, 2000-2007 жылдары Қазақстан экономикасы жоғары қарқын­мен өсіп дамыды: осы кезеңдегі орташа жылдық өсім 10 па­йызды құрады. Сол кезде қоғамда елімізді «қар барысы» деп атау жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Алайда кейінгі жыл­дары орташа жылдық өсу қар­қыны екі еседен астам көлемге күрт төмендеді. Ұсы­нылған тақы­рып бойынша өте қызықты пікірталас болды. Бұл тақырып қатысушылардың ерек­ше қызығу­шылығын тудырды. Клубқа жинал­ғандар өздерінің ғылыми көзқарастары, зерттеу нәтиже­лерін ортаға салып, бөлісуге ниетті екендерін айтты.

Одан кейін маусым айында Экономика және бизнес жоғары мектебі пікірталас клубының екін­ші отырысы өтті. Күн тәр­тібінде профессор А.Адамбекова «Экономиканы қаржыландыру: трендтер мен тәуекелдер» деген тақырыпта баяндама жасады. Басқосуда баяндамашы көпші­лікті өз зерттеулерінің нәтижеле­рімен таныстырды. Атап айт­қанда, төмендегідей мәселелер талқыға түсті:

1. Қазақстандық компания­лар қаржыландыру механизмі ар­қылы қаражат тартудан гөрі банктік несие алуға мүдделі.

2. Соңғы жылдары еліміздің бюджеттік кеңістігінде кеңею тенденциялары байқалуда. Бұл өз кезегінде осы тенденция­лар­дың нақты негізі туралы түрлі сауалдар туындатады. Неге?

3. Алғашқы қор нарығы нақты секторда нөлге жуық белсенді­лікті және микрокредиттік ұйым­дар мен инвестициялық компа­ниялардың белгілі бір бел­­­сен­­ділігін көрсетуді жалғас­тыру­да.

4. Соңғы жеті жылда бюджет­тің шикізаттық емес тапшылығы екі есе өсті.

5. Көптеген елдерде, әсіресе Еуропада бизнеске қарағанда халыққа берілетін несиелер көбі­рек. Корпоративтік порт­фель­дің үстемдігі дамушы елдерге немесе қаржы жүйесін құру жолына таяу­да түскен елдерге көбірек тән.

6. Кейбір макроэкономи­калық және қаржылық көрсет­кіштер ағымдағы ақша-несие саясаты стратегиясының белгілі бір тиімділігін көрсетеді.

Автор баяндамасында ұлттық экономика өсуінің негізі ретінде кәсіпкерлік ортаның эмис­сиялық белсенділігін ынталан­дыру үшін инвестициялық жағ­дай жасау, сондай-ақ даму бағ­дарларын анықтауда мемле­кеттік ресурс­тарды тиімді пайда­лануға назар аударған. Бұдан өзге, ЖІӨ өсімі мен қазақстан­дық өнімдердің экспортын біріктіретін серпінді өндірістік және инфрақұры­лымдық жоба­лар­ды іске қосуға, кірісті инк­люзивті емес бөлуді тегістеуге бағытталған салық салу меха­низмін құруға көңіл бөлді. Бұл ішкі ресурстарды боса­туға және оларға инвестициялық мазмұн беруге мүмкіндік туғыза­ды. Бір айта кетерлігі, баяндама қызу пікірталас тудырды. Оған клуб мүшелерінің барлығы бел­сене қатысты. Мысалы, Экономи­ка және бизнес жоғары мектебінің профессорлары М.Төле­генова, М.Спанов, Е.Жат­қанбаев, Р.Сағиевалар келді. Сонымен бірге Әлемдік эко­номика және халықаралық қатынастар инс­титутының дирек­торы, экономи­ка ғылымының докторы А.Арупов, С.Демирель университе­тінің профессоры, экономика ғылымының докторы, профессор Б.Тәтібеков, э.ғ.к. А.Джулаева, доцент м.а., PhD Д.Рахматул­лаева және басқа да зерттеуші ғалымдар қатысты.

– Осы күнге дейін клубтың екі отырысын өткіздіңіздер. Қорытындысы туралы не айта­сыз?

– Клубтың алғашқы екі отырысы мен оның нәтижелері әріптестеріміздің көпшілігі елі­мізде болып жатқан экономика­лық процестерді сауатты сарап­тап, оларға баға беріп, жетілдіру бойынша орынды ұсыныстар жасай алатынымен көзге түсті. Бұл кездесулерде біз клуб жұмысы туралы ойларымызды апробациялау ретінде қарастыр­дық және біздің ойымызша, олар жақсы деңгейде өтті.

– Талқы нәтижелерін тиісті министрліктерге, үкімет пен парламентке жіберу ойлары­ңызда жоқ па?

– Әзірге біз тиісті министр­ліктерге, үкіметке талқыланған тақырыптар бойынша өз тұжы­рым­дарымызды, нақты ұсыныс­тарымызды жіберуді тоқтатып отырмыз. Өйткені материалдар біздің мұрағатымызда сақта­лады. Сондықтан ортаға түскен тақырыптарға, ондағы көтеріл­ген мәселелерге егжей-тегжейлі тал­қылау үшін тағы бір рет оралуды жоспарлап отырмыз. Клуб оты­рысының материалда­рын мұқият өңдегеннен кейін тиісті мемле­кеттік органдарға ең маңызды нәтижелерді жет­кізу үшін тиісті шаралар қа­былдан­бақшы. Келесі клуб отырысынан бастап Қазақ­стан­ның экономикалық және әлеу­меттік мәселелерін талқы­лау­дың егжей-тегжейі мен сер­пінді мате­риалдар әлеуметтік желіде жарияланады. Сол кезде пікірта­лас клубының түсірілімін көргісі келетіндерге тиісті сілтеме береміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ