Жаңалықтар

ҚазҰУ-ға ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор тағайындалды

17.07.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры лауазымына экономика ғылымының докторы, доцент Жамила Айтжанова тағайындалды.

Жaмила Нурматовна Айтжанова Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы Жоғары техникалық оқу орнын тамамдаған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында аспирантура және докторантура бойынша білімін жетілдірген.

Еңбек жолында "Қызылорда автожол" басқармасының Жол жөндеу-құрылыс басқармасының жетекші экономисі және Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының доцентінен ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы академиясының» оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры және «Бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау орталығының» директорлығына дейін көтерілді. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару, бухгалтерлік есепті, аудиторлық қызметті және қаржылық бақылауды дамыту әдіснамасы департаментіне (Астана қ.) басшылық етті. Сондай-ақ ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызметтерін атқарып, ғылыми-зерттеу, педагогикалық және әкімшілік-басқару жұмыстарында мол тәжірибе жинақтады.

Елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен (2010 ж.) марапатталды.

Жамила Нурматовнаны жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтаймыз және жұмыста табыс тілейміз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі