Жаңалықтар

АРМАНЫМ – ҚАЗҰУ

17.07.2023

Айсұлу Каимбекова – Алматы қаласындағы №15 гимназияның түлегі. Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Айсұлу Сабыржанқызының таңдауы ҚазҰУ-ға түсіпті. Оның себебін біз Айсұлудан сұрадық.

– ҚазҰУ-ға грантқа түсу – әр түлек­тің арманы. Көшбасшы универ­си­тетті неге таңдадың?

– Өзіндік тарихымен ерекшеленетін ҚазҰУ мені үлкен мүмкіндіктерімен қызықтырды. Мұнда оқуға түсуге талпынысымның жүзден бір себебі – академиялық ұтқырлық бағдарламасы­ның қолже­тім­ділігі. Менің таңдап отырған мамандығым үшін бұл өте маңызды. Ірі кітап қоры бар Әл-Фараби кітапханасы жайлы айтпасқа болмас. Заманауи құрал-жабдықта­рымен ерек­ше­ленетін кітапханада, менің естуімше, түрлі көрме, жиын­дар мен басқосулар жиі өткізіліп тұрады. Оқу ордасының осындай артықшылығы менің қызығу­шылы­ғымның артуына түрткі болды. Бұл университет студенттерінің жан-жақты дамуына мол мүмкіндік жасайтыны да ықпал етті.

– Кино медиа мамандығына деген құлшынысың, қызығушы­лығың не­ден бастау алды?

– Менің ойымша, киноиндустрия әдетте мемлекет пен халықтың айнасы болып саналады. Біз фильм көру ар­қылы өзге мәдениетпен, дәстүрмен танысамыз. Мені осы қызықтырды. Ұлттық нақыштағы, әлемдік деңгейдегі тарихи фильм түсіруге талпынғым келеді. Осы­лайша отандық кино сала­сын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді.

– Хоббиің қандай және ең сүйікті кітабыңды атай аласың ба?

– Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін. Кітап оқу арқылы рухани байып, өзге әлемге енгендей сезімде боламын. Соңғы жылдары детектив пен классика жанрла­рында жазылған кітаптарды оқы­ған­ды ұнатып жүрмін. Ерекше көзге түскен авторлардың бірі – ағылшын жазушысы Агата Кристи. Туынды­лары бірінен-бірі өткен, ал олардың ішіндегі ең мықтысы – «Роджер Экройдтың өлімі» атты кітабы.