Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Арина Алтухова Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Байрақты бәсекеге әлемнің 45 елінен 600 спортшы қатысуда.
Спортшы қыз шағын калибрлі мылтықтан үш позицияда – тұрып, жатып, тізерлеп 50 метрге оқ атуда 455,7 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Арина жақында ҚР VI жазғы спартакиадасында күміс медаль иеленген болатын. Ол бірнеше ай бұрын Джакартада Әлем кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар ол жуырда Қытайдың Чэнду қаласында өтетін XXXI Дүниежүзілік жазғы универсиадада өнер көрсетеді.
Аринаны кезекті жеңісімен құттықтаймыз және алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі