- Негізгі бет
- Жаңалықтар
«Рихлокаин» талай дертке дауа
24.07.2023«Елімізде фармацевтикалық нарықты дамытуға қабілетті тамаша ғалымдар бар, олардың ойлап тапқан тиімді өнімдері көпшіліктің аузында жүр. Әйтсе де мемлекет пен жеке сектор мүддесі қажет деңгейде болмағандықтан, отандық дәрі-дәрмек өндірісі еңсесін тіктей алмай келеді. Қазір ішкі нарықтағы өнімнің 70-80 пайызы сырттан келеді. Бұл – мемлекеттік деңгейде ойланатын келелі мәселе», – дейді химия ғылымының докторы, профессор міндетін атқарушы Күнназ Мырзағұлова.
«Елімізде фармацевтикалық нарықты дамытуға қабілетті тамаша ғалымдар бар, олардың ойлап тапқан тиімді өнімдері көпшіліктің аузында жүр. Әйтсе де мемлекет пен жеке сектор мүддесі қажет деңгейде болмағандықтан, отандық дәрі-дәрмек өндірісі еңсесін тіктей алмай келеді. Қазір ішкі нарықтағы өнімнің 70-80 пайызы сырттан келеді. Бұл – мемлекеттік деңгейде ойланатын келелі мәселе», – дейді химия ғылымының докторы, профессор міндетін атқарушы Күнназ Мырзағұлова.
Күнназ Баймұханқызы 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін тамамдаған. Одан кейін университеттің аспирантурасына түсіп, ғылымның даңғыл жолына бет бұрды. Содан бері ұзақ жыл қара шаңырақ білім ордасында қызмет етіп, студенттерге білім берді. Шәкірт тәрбиеледі, «ғалым боламын» деген талай жастың ғылымдағы «тұсауын кесті». Содан кейін өзі ғұмырын арнаған ғылымдағы ізденістерінің нақты нәтижесін өндірісте көргісі келіп, осы салаға ауысты. Өндірісте жүргенде де ғалым отандық дәрі-дәрмек нарығын дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл салада маман тапшы екені бәрімізге аян, ұстаз-ғалым өзі де үйрене жүріп, қазақтың қаншама жасын осы салаға баулыды.
1954 жылы Күнназ Баймұханқызының ғылыми жетекшісі Ахметжан Шәріпқанов «Рихлокаин» деген дәрі ойлап табады. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында дәрі-дәрмек жасап шығару, оны түрлі сынақтан өткізу оңай емес-тін. Өндіріске енгізіп, нарыққа алып шығу туралы әңгіме қозғауға мұрша да берілмейтін сұрқай заман еді. Осындай қолайсыздау кезеңде «өмірге келген» «Рихлокаиннің», сөйтіп, әу баста жолы болмады. Сол жатқаннан ұзағынан қырық жыл жатты. Алайда ұстазы Ахметжан Шәріпқанұлы мен Күнназ Мырзағұлова түбі бұл өнімнің бағы жанып, тағдыры оң шешілетініне сенді. Сөйтіп, ҚазҰУ қабырғасында зерттеу жұмыстарын жалғастыра берді. Табандылықпен жұмыс істеді. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы қадамдар жасала бастады. Бұл кезде Күнназ Баймұханқызы жобаның белді мүшесі еді. Ғылыми жетекшімен бірге жоба мүшелері де күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеді. Мұны көріп жүрген кейбір әріптестерінің «Қырық жыл зертханада жатқан дәрінің кімге керегі бар, несіне ақ тер, көк тер боласыздар?» дегені де есінде.
Ол кезде елімізде зертхана, сынама дегеннің алғышарты болмағандықтан, салалық мамандар жетіспегендіктен, бастапқы сынақ Арменияда, одан кейін Ресейде жасалды. Анығында, теріскейдегі көрші елдің Анжеро-Судженск фармацевтикалық зауытында сыналды.
«РИХЛОКАИН» ҚАНДАЙ ӨНІМ?
Күнназ Баймұханқызының айтуына қарағанда, «Рихлокаин» өкпе дертіне, ұйқы безі ауруларына таптырмайтын ем. Медицина тілінде оны анестетик дейді. Зерделі ғалым «Ромат» компаниясында жұмыс істей жүріп, өнертабысты идеядан практикаға енгізуге дейінгі процесте баға жетпес тәжірибе жинады. Әсіресе номенклатура таңдау, тәжірибелік-өнеркәсіп алаңын құру, технологияны трансферлеу, өндіріске енгізу, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізу, сынақ мониторингін жасау, клиникалық сынақ хаттамаларын, нұсқаулықтар әзірлеу, дәрілік заттарды құжаттау және тіркеу ісіне жетекшілік жасау бойынша мол тәжірибе жинақтады. Мысалы, басшы ретінде сол кезде қатты күйдегі 50-ден астам дәрілік заттарды (таблеткалар, капсулалар, инфузиялық ерітінділер) жасап, өндіріске енгізді. Соның ішінде туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер әзірленіп, клиникалық тәжірибеге енгізілді. Негізгі (9) және резервтік сериялардың (4), оның ішінде балалар формаларының (4) препараттары болды. Сол дәрілер 2007 жылдан бері медициналық мекемелерге қолданысқа жөнелтіліп, жоғары тиімділігі мен қауіпсіз екенін айғақтады.
Осы дәрі-дәрмек түрлерінің басында біз сөз етіп отырған «Рихлокаин» тұрғанын Күнназ Баймұханқызы мақтанышпен айтады. Соңғы кездері оның құрамы жетілдірілді. Түрлі сынақтарда оң нәтиже көрсеткен. Анығында, «Рихлокаинді» онкологиялық тәжірибеде қолдануды 2000 жылы Ростов онкологиялық орталығының онкологтері зерттеген. Ол науқастардың иммунитетін емдеп, метаболикалық бұзылысты түзетеді. Яғни онкологиялық науқастарды (3-кезеңде) емдеуге ықпал ететін ағзаның қорғаныс жүйесін белсендіреді, 4-кезеңде өмірді бес жылға ұзартады. Өкінішке қарай, субстанцияның өндірілмеуі салдарынан емдеу әдісі қолданысқа енгізілмеді. Олар өнімді Қытайда, сондай-ақ Ресейде шығаруға тырысуда, алайда алғашқы қадам әзірге сәтсіз.
Кейбір медицина мекемелері оны құрт ауруына (туберкулез), онкология дертіне қарсы пайдалана бастаған. Оны қолданған науқастар аз уақыттың ішінде өзін жақсы сезініп, денсаулығы жақсарған. «Сондықтан өнімге нарықта сұраныс бар. Тіпті шетелдіктер, оның ішінде Үндістан елінің компаниялары тапсырыс беруге дайын отыр», – дейді жоба авторы Күнназ Мырзағұлова. Өнім авторының айтуынша, мәселен, туберкулез дертіне шалдыққан науқастың жанама кеселдері міндетті түрде болады. «Рихлокаин» сол жанама дерттерді емдеуге де ықпалды. Осындай дертке шипа беретін өнімнің әзірше жоба күйінде жатуы, әрине, жанға батпайды емес, батады. Күнназ Баймұханқызы енді жобаны коммерцияландыру мәселесін қолға алмақшы. «Сабақ беруден, қағазбастылықтан бас көтере алмай қалдым. Жасым да біразға келіп қалды. Бәлкім, 0,25 жүктемеге көшіп, өнімді өндіріске енгізу мәселесімен айналыссам деген ойым да жоқ емес», – дейді ғалым бізбен әңгімесінде.
Қалай болғанда да, қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие жобаға қолдау керек-ақ. «Бұйырса, келер жылы ҚазҰУ атынан байқауларға қатысуға бел буып отырмыз», – дейді ғалым-ұстаз Күнназ Мырзағұлова.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ