Жаңалықтар

ТМУ ҚазҰУ-дың қосдипломды білім беру тәжірибесіне қызығушылық танытты

24.07.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейдің Томск мемлекеттік университеті (ТМУ) Заң институтының директоры Ольга Андреева жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейман ҚазҰУ басшылығымен кездесіп, университет қалашығымен танысып, заң факультетін және Әл-Фараби кітапханасын аралады.

Кездесуде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева университет қызметінде заң факультеті ерекше орын алатынын атап өтті. «Біздің университетіміздің терең тарихы бар. Келер жылы ҚазҰУ-дың 90 жылдығын атап өтеміз. Алдымызда ғылыми байланыстарды, оқытушылар мен студенттер алмасуды дамытудың көптеген жоспарлары бар. Факультет желісі бойынша 30-ға жуық ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Олар қылмыстық құқық, конституциялық заңнама, Қазақстанның өзге елдермен құқықтық қатынастарының тарихы мәселелеріне арналған. Жалпы, біз әрқашан жемісті ынтымақтастыққа дайынбыз», – деді проректор.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Еркін Дүйсенов университеттің РФ жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынасына тоқталды.

«Биыл ҚазҰУ басшысы Ресейде өткен ректорлар форумына қатысты. Өзім Заң шығару институтының 100 жылдығына қатысып, ғылыми баяндама жасадым.

Университетімізде ММУ-мен бірлескен зертхана жұмыс істейді. Өткен жылы ҚазҰУ-да МИФИ ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Менің ойымша, ТМУ ҚазҰУ-мен ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде әріптестік орнататынына сенімдімін», – деп атап өтті Еркін Ерманұлы.

Кездесу барысында Томск мемлекеттік университеті Заң институтының директоры Ольга Андреева биыл 145 жылдығын атап өткен білім ордасының және 125 жылдық тарихы бар Заң институтының қызметі туралы баяндады.

Бүгінде университет үш заң журналын шығарады, олардың екеуі Web of Science құрамында. ТМУ қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. ТМУ-да қазақстандық студенттер көп оқиды. ЖОО жанынан ғылыми-зерттеу базасы ретінде Ботаникалық бақ ашылған.

Ольга Андреева ТМУ-да әлі енгізілмеген ҚазҰУ-дың қосдипломды білім беру саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар Болон жүйесіне балама ретінде заң саласы бойынша базалық бесжылдық білім беруді енгізу тәжірибесі туралы айтып берді.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты дамыту мен бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру бағыттарын талқылады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі