Жаңалықтар

ҚазҰУ мен ECUPL құқықтық ғылыми жобаларды бірлесіп жүргізеді

25.07.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне мемлекеттік Шығыс Қытай саясат және құқық университетінің (Ecupl, Шанхай қ.) делегациясы келді.

Қонақтар дәрілік өсімдіктер орталығына, инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластеріне, процестік инновациялар орталығына, заң факультетіне, Жағдаяттық басқару орталығына және ҚазҰУ мұражайына барды. Қонақтар сондай-ақ ҚазҰУ құрылысының II кезеңінің жоспарымен танысты.

Шығыс Қытай саясат және құқық университетінің президенті, профессор Е Цзин бастаған делегация құрамында Стратегиялық жоспарлау директоры, профессор Ли Сианг, Вэнбо мектебінің деканы Шоу Синбао, Халықаралық мектептің деканы, профессор Ву Цзянфао және Денешынықтыру кафедрасының деканы, профессор Ху Ми бар.

Делегацияны қарсы алған Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева зерттеу мәртебесін алған университеттің қызметімен таныстырып, ҚХР жоғары оқу орындарымен орнатылған ынтымақтастық туралы баяндады. Жуырда ҚазҰУ-ға Сиань қаласынан бірқатар жоғары оқу орындары келіп қайтты. Солардың бірі – ҚХР Көлік университеті және филиалы ҚазҰУ-да ашылатын Солтүстік-батыс политехникалық университеті. Филиалда бірлескен ғылыми зерттеулер, оқытушылармен алмасу, студенттерді оқыту және даярлау жүзеге асырылатыны атап өтілді.

Проректор сондай-ақ ECUPL және ҚазҰУ-дың ортақ білім беру бағыттары бойынша, «қосдипломды білім беруді енгізуге, экологияны, табиғи ресурстарды сақтау және қорғау, құқықтық ғылыми жобалар тақырыбы бойынша бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуге болатынын атап өтті.

«Университет жұмысы оқу процесін ғылыммен ұштастыруға бағытталған. ҚазҰУ-да Конфуций институты бар, оның аясында Қытайдың құқықтық мәселелері бойынша зерттеулер жасауға болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар мен тұжырымдамалар бар. Қазақстан заңгерлері осы салада көп жұмыс істейді. Мұны ғылыми тұрғыдан талдап, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады», – деді проректор Л.Еркінбаева.

Келіссөздер барысында тараптар пікір алмасып, Шығыс Қытай саясат және құқық университетінің президенті Е Цзин жылы қабылдағаны үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, екі ЖОО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ профессор Е Цзин 1952 жылы құрылған Шанхайдағы Шығыс Қытай саяси ғылымдар және құқық университетінің (ECUPL) тарихы мен қызметі туралы айтты. Қытайдың бұл жоғары оқу орны заң біліміне маманданған және Шанхай мен Шығыс Қытайда үлкен беделге ие.

Кездесу барысында қатысушылар өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар мәселелерді талқылап, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі