- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ мен Қытай технологиялар трансфері орталығы бірлескен жобаларды іске асырады
26.07.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансфері орталығының директоры Лю Хунчжи бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.
Қытайлық делегация ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева және Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жанар Айтжановамен кездесті.
Кездесуде Әсел Бекболатқызы ҚазҰУ-дың ҚХР жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығына және QS рейтингінде 230-орынды және Орталық Азия университеттері арасында 1-орынды иеленген еліміздегі жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетіне баса назар аударды.
«Біз университет танымалдылығын арттыру және әлем елдері арасында халықаралық беделді нығайту шеңберінде белсенді жұмыс істейміз. Қытай ЖОО-ларымен де ынтымақтастық байланыстамыз. Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Сиань қаласына барды. Сапар барысында маңызды стратегиялық құжаттар қатарында алдағы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын құру туралы келісімге қол қойылды. Біздің университет Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да Қытайдан келген 400-ден астам студент оқиды», – деп атап өтті проректор.
Қонақтар сондай-ақ университеттің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы қызметімен, ҚазҰУ ғалымдары іске асырып жатқан инновациялық жобалар каталогімен, ЖОО кампусы құрылысының екінші кезеңін салу жобасымен танысты.
Университет бірқатар жоғары оқу орындарымен сегіз білім беру бағдарламасы бойынша магистранттарды даярлауды жүзеге асырады. Қазіргі уақытта ректор Пекиндегі ғылыми симпозиумға қатысуда. Бұдан әрі ЖОО басшысының Пекин қаласында өтетін халықаралық ректорлар форумына қатысуы жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы болып табылады. Университет Times Higher Education University impact Rankings 2023 рейтингіне енген қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Тұрақты дамудың 17 мақсаты (ТДМ) бойынша көшбасшы атанды. Қазіргі уақытта ЖОО базасында ТМД, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын сақтау мәселелері, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы бастамалар саласындағы бірқатар ғылыми жобалар іске асырылуда. ҚазҰУ базасында ҚХР Ғылым академиясымен бірлесіп Жерді қашықтықтан зондтау орталығы жұмыс істейді.
Өз кезегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің технологиялар трансфері орталығының директоры Лю Хунчжи орталықтың қызметі туралы баяндап берді.
«Біздің орталық технология, ғылым, мәдениет, экономика және сауда салаларындағы көпжақты халықаралық ынтымақтастық арналарын кеңейтуге арналған алаң. Сіздердің университеттеріңіздің базасында бірлескен ғылыми зертханалар ашуға мүдделі қытайлық серіктестеріміздің жобаларын ұсынғымыз келеді», – деді Лю Хунчжи мырза.
Кездесуде ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру саласындағы бірлескен қызмет бағыттары талқыланып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансфері орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі