Жаңалықтар

ҚазҰУ-да дағдарысқа қарсы жастар штабы жұмыс істеуде

10.03.2009

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дағдарысқа қарсы студенттік штабы «Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайындағы жастар ұйымдарының ролі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы бойынша «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖК атқарушы хатшысы Нарымбетов Бақытжан; ҚазҰУ-дың антидағдарыстық студенттер штабының жетекшісі Сүлейменова Жұлдыз; «Жас Отан» ЖК Орталық Кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы бойынша Қазақстан студенттері Альянсының жетекшісі Ғиззатов Тақан; Алматы қаласы бойынша Қазақстан Жастар конгресінің төраймы Әбікеева Дана; ҚазҰУ Студенттер сенатының төрағасы Серім Ғайни; жастар саясатын дамыту Мемлекеттік қорының өкілдері; Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы қ.а. Баймұханов Н.Б.; сарапшылар ретінде ҚР Президенті ҚСЗИ мамандары мен экономика және бизнес, халықаралық қатынастар, құқықтану, философия және саясаттану саласындағы жетекші мамандар мен Алматы қаласы ЖОО студенттері қатысты.

ҚазҰУ Жастар ұйымы басқармасының белсенді студенттер тобы әлемдік экономикалық дағдарыстан өту жолдары талқыланған Үкімет және «Нұр Отан» ХДП мүшелерімен өткен бірқатар кездесулерге қатысқан болатын. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жас Отан» ЖК-ның қолдауымен дағдарысқа қарсы жастар штабы құрылды. Жетекші ұлттық университетінде құрылған антидағдарыстық штаб қызметі жоғары оқу орны басшылығымен бірге студенттік ортада әлемдік қаржылық дағдарыстың салдарын төмендету мен алдын алуға арналған шараларды қолдануға бағытталмақ.

- Мемлекетіміз негізгі қолдауды студенттерге бөліп, ел болашағын білімді және жасампаз жастар бағытын үдерісті жолмен алып кететіндігіне зейін қоюда. Елбасының көрегенді саясаты бізге әрдайым үлгі. Біз тек сапалы біліммен мемлекеттің жарқын болашағын жасаймыз. Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда біз, жастар қауымы, белсенділік танытып, бар күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, - дейді студенттік өзін-өзі басқару ұйымының өкілі Н. Құрман.

Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы қ.а. Н.Баймұханов ҚазҰУ студенттерінің бұл игі бастамасын оң бағалап, еліміздің басқа жоғары оқу орындарына үлгі боларлық тәжірибе деп атады.

Студенттік ұйымдардың өкілдері мен сарапшы мамандар еліміздегі қазіргі экономикалық ахуалға жан-жақты талдау жасап, жастар арасында түсіндіруге тырысты, мемлекеттік бағдарламаның дағдарысқа қарсы шараларын жүзеге асыруда жастар бастамасын қолдау маңыздылығы жайлы әңгімеледі. Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, ең бастысы - студенттерді мемлекет және университет тарапынан бөлінетін үлкен жәрдемнен хабардар ету.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі