Жаңалықтар

Қазақстан және Жапония университеттері арасындағы әріптестік жайлы алғаш меморандумға қол қойылды

09.04.2009

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жапонияның жетекші жоғары оқу орны - Васэда (Waseda University) университетімен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Қос университет бекіткен өзара түсіністік жайлы келісімнің басты мазмұны әріптестіктің перспективалы бағыттарын дамыту, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды нығайтуға келіп саяды. Академиялық қызметті дамыту, ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестік, студенттер мен мамандарды оқыту өзара қызығушылық тудыратын салалар болып танылды.

Меморандумға ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов пен Васэда университетінің жоғарғы жетекшілерінің бірі профессор Ацуши Огихара қол қойды. Бұл келсім Қазақстан мен Жапония жоғары оқу орындарының арасындағы әріптестіктің одан әрі кеңеюіне жол ашпақ. Бұған дейін бұл байланыстар тек жекелеген мамандықтар мен ғылыми бағыттар деңгейінде жүзеге асқан болатын.

Жапондық профессор бұл оқиғаға қатысты пікірін білдіріп, бұл бекітілген құжат ҚазҰУ мен Васэда университеті ғалымдарының арасындағы кәсіби байланыстың әрі қарай нығаюына қызмет ететінін айта кетті. Сонымен қатар, екі университетті салыстыра отырып, Ацуши Огихара тарих-тамырымзға, мемлекетімізге деген сыйластық және екі жоғары оқу орнының да елдегі және шетелдегі биік беделі сынды ортақ қасиеттеріміз бар дейді.

Васэда университеті дүние жүзінде Жапонияның ең беделді екі жоғары оқу орнының бірі (екіншісі - Кэйо университеті) ретінде белгілі. Жапондық классикалық білім берудің принциптеріне берік 130 жылдық тарихы бар Васэда университетінің негізін ғалым және саясаткер Окума Сигэнобу қалаған.

Жапонияның ежелгі университет жетекшісі екі университеттің басқа ерекшелігі ретінде мемлекеттік құрылымдар мен мекемелерге арналған мамандарды дайындаудың жоғары деңгейі мен сапасын атап өтті. Қазақстандағы ҚазҰУ іспеттес Васэда университеті жапондық саясаткерлердің «ұшар ұясы» болып саналады. Қазірде осы университетті тәмамдаған Жапонияның беделді тұлғалары бар, олар - соғыстан кейінгі кезеңде мемлекетті басқарған алты премьер-министр. Соңғы он премьер-министрдің төртеуі де - Васэда университетінің түлектері. Арасында мемлекет қайраткерлері бар ҚазҰУ-дың түлектер тізімі де таңдай қақтырарлықтай дейді университеттің құрметті қонағы.

- ҚазҰУ дипломы сияқты, Васэда университетінің дипломы кәсіби жолдың сәтті басталуына кепіл бола алады, - деп қорытындылады Жапониядан келген профессор.

Еліміздің жетекші ұлттық университетінің ректоры да өз кезегінде университетіміз туралы, жақында Жапонияда өткен іс-сапары мен Жапонияның атом энергиясы агенттігімен осы саладағы мамандарды дайындау және ғылыми нәтижелермен алмасу жөніндегі орнатқан байланысы жайлы әңгімеледі. Академик Жұмағұловтың айтуынша, жапондық университет ҚазҰУ түрінде сенімді әріптеске ие болды.

Кездесу соңында екі университет жетекшілері өзара әріптестіктің кеңеюін, халықаралық байланыстардың нығаюын және екі ел мен университеттер достастығының белгісі іспеттес ҚазҰУ тарихы және Васэда университеті мұражайларында төрден орын алатын естелік сыйлықтармен алмасты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі