- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖОО мен мектептер арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттары
20.04.20098 сәуір күні Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен Алматының мектеп директорлары, үздік мұғалімдері арасында кездесу өтті. Басқосуға 1500-нан астам мектеп өкілдері, қалалық Білім беру департаментінің қызметкерлері қатысты.
Жетекші ұлттық университет мұрындық болған мұндай ауқымды кездесу тұңғыш рет өткізілуде. Кездесудің негізгі мақсаты әріптестіктің жолдары мен мәселелерін іздеу, мектептер мен ЖОО арасындағы қарым-қатынастың әдістемесін жасау еді. Себебі білім берудің бүгінгі бағыттары оқушылардың мектеп қабырғасынан осы үдеріске араласуын талап етуде деп санайды еліміздің ірі университетінде.
Жыл сайын алматылық мектептердің ең үздік түлектері ҚазҰУ студенттері атанады. Биылғы жылы Алматыда мектепті 8000 астам оқушы тәмамдайды. Олардың көпшілігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері қатарынан көрінгісі келеді, ҚазҰУ-дың да діттегені - оқу ордасына ең дарынды, қабілетті және шығармашылық қарымы жоғары түлектерді қабылдау. Сондықтан университетте биылғы мерейтойлық жылда талапкерлерді таңдау ерекше өтеді деген сенімде. Еліміздің жетекші ұлттық университетінде білім алудың барлық артықшылықтарын ескерместен бұрын, қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайындағы білім алу несиелері әсіресе көкейтесті екенін айта кету керек. Осыны ескере отырып, ҚазҰУ өз студенттеріне кепілдік болады.
Қазір республикамыздағы 17 облыстың түкпір-түкпіріндегі дарынды оқушылардың еліміздің ірі университетінде оқу арманын жүзеге асыруға көмектесетін пәндік олимпиадаларының комиссиясы жұмыс істеуде. Университет ректоры академик Бақытжан Жұмағұловтың мәлімдеуінше, университет басшылығы пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары БҰТ тапсырмай университетке бірден қабылдану жөніндегі мәселенің шешімін іздеу үстінде.
- Мектеп өзіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді, себебі бұл дарынды да қабілетті азаматтарды тәрбиелейтін орта. Қазіргі жастар әр нәрседен хабардар және жан-жақты болып өсіп келеді, бұл тәрбие жұмыстарын әрдайым жетілдіруді қажет етеді. Ел болашағын ойлай отырып, ҚазҰУ өсіп келе жатқан буын өкілдерінің бойындағы қабілетті жүзеге асыру мақсатында бар мүмкіндік жасайды, - деді ректор.
Алматы қаласы Білім беру департаментінің директоры Рахат Шимашева аталмыш кездесулердің маңыздылығы туралы айтады:
- Орта және жоғары оқу орындарының өзара әріптестігі арқылы ғана білім берудің жоғары сапасына жетуге болады. Дәл қазір осы әріптестік байланысты үзбей, бар күш-жігерімізді біріктіру қажет. Болашақ білікті мамандарды дайындау мектеп қабырғасынан басталады.
Кездесуде сөз алған мектеп директорлары бүгінгі кездесуге ЖОО мен мектептер арасындағы әріптестіктің алғашқы көпірі деген баға берді.
Басқосу барысында мектеп өкілдері жоғары және орта мектеп арасындағы өзара тиімді әріптестік тұрғысындағы ұсыныстарын білдірді. Кездесу алматылық бірқатар мектептердің директорларына қосқан педагогикалық үлесі мен түлектерін дайындаудағы жоғары нәтижелері үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алғыс хаттарын табыстаумен тәмамдалды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі