Жаңалықтар

Германия Бундестагының мүшесі Манфред Грунд ҚазҰУ-да

20.04.2009

2009 ж. 13 сәуірде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Германия Федеративтік Республикасы Христиандық Демократиялық/Христиандық Социалистік Одақ парламенттік фракциясының жетекшісі Манфред Грунд іс-сапармен келді. Сапар барысында ол университет ректоры академик Б.Т. Жұмагұловпен кездесті.

Германияның жетекші партиясы парламенттік фракция басшысының айтуынша, оның Қазақстанға сапары Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев жариялап, одан кейін өзі ашқан екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси және мәдени әріптестікке жаңа серпіліс берген Германиядағы Қазақстан жылы және 2010 ж. Қазақстандағы Германия жылының шеңберінде жүзеге асып отыр.

Екі жақ саясат, экономика және білім беру мәселелері төңірегінде пікір білдірді. Манфред Грунд Қазақстан мен оның Президентінің аймақтағы тұрақтандырғыш фактор ретіндегі қызметін ерекше атап өтті. Ол кезінде Қазақстанда 1 миллионнан астам немістің пана тапқанына тоқталып, Германия үкіметі атынан қазақ халқына алғысын білдірді. «Бүгінде Қазақстаннан көшіп келген немістер Қазақстанмен байланыстарын үзбеуде, бұл екі ел арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың нығаюына негіз бола алады. Біз үшін Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір іспеттес», - дейді неміс Бундестагының мүшесі.

ҚазҰУ ректоры академик Б.Т. Жұмағұлов қонақты білім берудегі мемлекеттік саясат ерекшеліктерімен, жоғары білім берудегі математика, информатика, био- және нанотехнологиялар саласындағы инновациялық бағыттармен және университеттің Болон үдерісіне ену жолындағы жетістіктерімен таныстырды. Қонақты толғандырған сауалдарға жауап бере отырып, КазҰУ ректоры Қазақстан үкіметі студенттердің білім алу мен оның ақысын төлеуде туындайтын қаржылық мәселелерін шешу мақсатында қабылдаған шаралары жөнінде баяндап берді.

Кездесу соңында ХДО/ХСО парламенттік фракциясының жетекшісі өзінің Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар бойынша пікірталастар ұйымдастыру жөнінде Германия Парламентіне жолдау дайындауға қатысатынын және бұл кездесулер өз үлесін қосатынын айтты. Манфред Грундтың мәлімдеуінше, бұл жолдауда Қазақ ұлттық университетімен әріптестікті нығайтудың перспективалары белгіленеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі