Жаңалықтар

«XXI ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» атты халықаралық конференцияға қатысушылардың үндеуі

01.11.2012

Қазақстанның БҰҰ-ға кіруіне 20 жыл толуына арналған «XXI ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» тақырыбындағы халықаралық конференция қатысушыларының

ҮНДЕУІ

Біз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаменті мен «Академиялық ықпал» бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылатын «XXI ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» тақырыбындағы халықаралық конференцияның қатысушылары, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, тұрақты даму мен адам құқықтарына қауіп төндіріп отырған мәселелердің артып келе жатқандығын мойындаймыз.

Қоғамның даму барысында академиялық қоғамдастықтың қақтығыстарды шешу және олардың алдын алу үрдісіндегі рөлі ерекше маңызға ие болады. Біз, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей сынақ алаңының жабылуында көрініс тапқан ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұсынысы, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі, «Өркениеттер диалогы», «G-Global», «Жасыл көпір» сияқты басқа да бастамаларын барынша қолдайтындығымызды білдіреміз.

Елбасымыз ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ мен БҰҰ сияқты жоғары халықаралық форумдарда қақтығыстардың құбылмалы сипаты мен олардың себептері туралы мәселелерді үнемі көтеріп, ядролық қауіпсіздік, есірткінің заңсыз айналымы, діни экстремизм мен терроризм сияқты құбылыстарға назар аударып, халықаралық қауымдастықты оларды болдырмаудың тиімді жолдарын іздеуге шақырады.

Академиялық және ғылыми қауымдастықтың зияткерлік әлеуетін пайдалана отырып, әлемнің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына қауіп төндіретін әртүрлі мәселелерді шешудің анағұрлым тиімді жолдарын табу қажет. Жоғары білімнің экономика мен әлеуметтік дамудағы, сонымен қатар, бейбіт қатар өмір сүрудің негізі ретіндегі аса маңызды рөлі баршаға мәлім. Десек те, өкінішке орай, дүние жүзіндегі академиялық сала өкілдеріне өзара тиімді ықпалдасудың тетіктері жетіспейді.

Біз, БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының 10 қағидатын ресми түрде қолдай отырып, ғаламдық мәселелерді шешудің және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Еуразия аймағындағы академиялық идеяларын жүзеге асырудың құралы ретінде академиялық ортаны кеңінен пайдалануды ұсынамыз.

Қазақстан басшылығының бірегей бастамаларының арқасында, еліміз бүгінгі таңда жаһандық мәселелерді шешудегі маңызды тұлғалардың біріне және Шығыс пен Батыс арасында мәдени үнқатысудың зияткерлік көпіріне айналды. Осының тікелей нәтижесі ретінде Еуразиялық кеңістіктегі академиялық элитаның бірлесуі үшін қажетті жағдайлар жасалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаменті мен «Академиялық ықпал» бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылған «XXI ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» тақырыбындағы халықаралық конференция аталмыш универитеттің БҰҰ-ның дүниежүзілік деңгейдегі жетекші ғылыми академиялық орталықтарының біріне айналғандығының айқын дәлелі.

Біз, халықаралық конференцияның қатысушылары, дүниежүзілік академиялық қауымдастықты әлем мойындаған 10 қағидатты орындау мақсатында 90-нан астам елден850 жоғары оқу орнын біріктіретін БҰҰ-ның ғаламдық бастамасын қолдауға шақырамыз.

Біздің ортақ мақсатымыз академиялық ортаның әлемдегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған зияткерлік әлеуетін жүзеге асыру сияқты игі және маңызды міндеттерді қолдау жолындағы әрекеттерді күшейтуге бағытталады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі