Жаңалықтар

Қазақстан жоғары мектебінің іргетасын қалаған тау тұлға

29.04.2009

2009 жылдың 17 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлағатты ұстаз, Қазақстанның мемлекет қайраткері, м.ғ.д., профессор Асқар Закаринді еске алу кешіне арналған «Профессор А.З. Закариннің ғылыми және ұстаздық мұрасы» атты салтанатты отырыс өтті.

Өмірде тумысы бөлек, тұлғасы ерекше, туған жеріне адал, ізгі ниетті жандар кездеседі. Сондай адамдардың бірі - жоғары оқу орнының дарынды ұйымдастырушысы, мемлекет қайраткер, профессор - Закарин Асқар Закарьяұлы.

Отырыстың ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Зұлхайыр Мансұров тау тұлғалы азаматтың өмірбаяны мен еңбек жолы жөнінде баяндап берді. «Асқар Закариннің отандық жоғары оқу орнының дамуына қосқан үлесі зор. Бұл азаматтың бастамасымен ғылыми мектептер құрылды, ізін жалғастырған шәкірттерінің еңбегі халыққа сіңірді, инновациялық оқу жүйелері мен халықаралық қарым-қатынастарды нығайту, студенттер қалашығы мен механика-математика факультетінің қазіргі корпусын салу идеясы және т.б. - Асқар Закарин еңбегінің жемісі. Сондықтан бұл адамның Қазақстан тарихында алатын орны орасан зор»,- деді өз сөзінде проректор.

ҚазҰУ-дың 75 жылдық тарихында Асқар Закариннің еңбегі орасан зор. Оның қатысуымен университетте гидробиология және ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филология, құрлық гидрологиясы сынды жаңа кафедралар мен ЖОО оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы факультеттер ашылды. Сонымен қатар философия-экономика факультеті, М.О. Әуезов атындағы студенттердің әдеби Одағы мен «Жеті муза» қоғамдастығы дүниеге келді.

Ұлағатты ұстазды есіне алғандардың қатарында шәкірттері мен әріптестері болды. Олардың арасында ҚР ҰҒА академиктері Еренғайып Шайхутдинов, Мейірхан Әбділдин бар. А. Закариннің ғылыми жұмыстарының мұралары жөніндегі пікірімен Новосибирск институтының профессоры В.В. Пененко бөлісті.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, А.З. Закариннің ЖОО-да құрып кеткен білім беру жүйесі өзінің өміршеңдігін, инновациялық қуаттылығын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын жылдан-жылға дәлелдеп келеді.

Профессордың баласы Едіге Закарин ғалымның 100 жылдық мерейтойына арналған «Асқар Закарьяұлы Закарин» атты кітабының тұсауын кесіп, оқырмандар назарына ұсынды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі