Жаңалықтар

Барманқұловтың өмірі мен қызметіне арналды

27.11.2012

Биыл «қазақ телевизиясының корифейі» атанған, көрнекті ғалым, профессор, көсемсөзші, түркітанушы Марат Барманқұловтың 75 жылдық мерейтойы. сыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 27 қараша күні Журналистика факультетінің баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Барманқұловтың оқулары аясында «М.Барманқұлов – Қазақстан телевизиялық журналистикасының теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика факультетінің деканы Ө. Әбдиманұлы мен тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Қозыбаев және ф.ғ.д., профессор баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Қ.Тұрсын ашық деп жариялап, алғы сөз сөйлегеннен кейін, конференция көркі қыза түсті. Ғылыми конференция барысында көрнекті ғалым туралы «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Марат Барманқұлов» кітабының тұсаукесері өтті. Өмірін телевизия саласына арнаған, өзгелерден озық саналатын тұлғаның бейнесі алыстаған сайын биіктей көрінеді. Аталған кітаптың мазмұнынан ұғар оқырман ойы да осы арнаға топтасары даусыз. Баспадан жаңадан шыққан кітапты саяси ғылымдарының докторы, профессор Г.Сұлтанбаева қалың жұртшылыққа таныстырды. Және телеэкраннан конференция қонақтарына профессор М.Барманқұловтың өмірі, қызметіне арналған фильмнің де тұсауын кесті. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жасап жүрген журналистердің бірнеше буын өкілдерін тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың есімі факультет көлемінде емес, республика, қала берді халықаралық деңгей көлемінде мәшһүр.

М.Барманқұлов атындағы ҚазҰУ телерадиокешені ұйымдастырған дәстүрлі ІІ республикалық жас телерадио-журналистер байқауының қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде, үздіктердің қатарынан көрінген, шығармашылықтары мен белсенділіктерімен ұштастыра білген студенттер қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленіп, грамоталар иеленді. Сонымен, дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары журналистика факультеті орыс бөлімінің 2 курс студенттері әзірлеген «Барманқұлов өмірі» жайлы жазылған деректі фильмі, журалистика факультетінің студенті Қ.Купесованың «Домбыра» деректі фильмі, журналистика факультетінің 2-курс студенті Д. Балабекұлы мен А.Қуантханованың «Барманқұлов әлемінде...» атты естелік радиохабары, филология факультетінің 4 курс студенттері дайындаған Д.Исабековтың «Бақыт құсы» пьесалық желісімен түсірілген телеқойылымы және журналистика факультеті, баспа ісі және дизайн кафедрасының 2-курс студенті Д. Балабекұлының «Барманқұлов» телестудиясының қолдауымен жасаған анимациялық мультфильмі жеңімпаздар қатарынан көрінді. Және оларға түрлі сый-сияпаттар берілді.

Журналистика факультеті