Жаңалықтар

Ричард Хоугландтың ҚазҰУ-ға жасаған алғаш сапары

12.05.2009

Алматы. 2009 ж. 23 сәуірде Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Ричард Хоугланд Алматыға жасаған сапары шеңберінде ҚазҰУ ректоры академик Б.Т. Жұмагұловпен кездесті.

Ричард Хоугланд кездесуді АҚШ-тың Қазақстанмен білім беру және ғылым саласында әріптестік орнату ниеттері зор екендігінен бастады. Алғаш рет Гарвард университетінде назарын аудартқан «Болашақ» президенттік бағдарламасын ол Қазақстанның білім беру саласындағы ірі жетістіктігі деп атады. Ол сонымен қатар Қазақ ұлттық университетіне келген жаңа басшылық АҚШ-тың ЖОО-мен әріптестікті жалғастырудың жаңа жолдарын іздестіру үстінде екенін байқаған.

Университетте америкалық дипломатты білім беру саласындағы мемлекеттік саясат ерекшеліктерімен таныстырып, жоғары білім берудегі, математика, информатика және нанотехнологиялар саласындағы инновациялық үрдістермен таныстырды. Сонымен қатар қонақ КазҰУ-дың қызметі, оның халықаралық ынтымақтастығы мен ғылыми зерттеулердегі жетістіктерінен хабардар болды. Айта кетер болсақ, ҚазҰУ Мэдисондағы Висконсин университеті, Аризона, Оклахома, Колорадо университеттері және тағы басқа АҚШ-тың жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Соңғы екі жылда ҚазҰУ-да АҚШ-тың әртүрлі университеттерінен келген 45 профессор дәріс оқыған.

Басқосу барысында ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмагұлов өзі басшылық етіп отырған университет пен АҚШ университеттері арасындағы әріптестікті нығайту бойынша нақты ұсыныстарын білдірді. Ректордың пікірінше, АҚШ-тың жетекші университеттері мен ҚазҰУ арасында оқытушылар және студенттер, нақтырақ айтар болсақ толыққанды дайындықтан өткен және оқуға шынайы талпынатын магистранттармен алмасу жөнінде әріптестікті бір жолға қою керек. Университет тарапы ғылымның әртүрлі саласы бойынша бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшін АҚШ-тың ғылыми орталықтар мен зертханаларымен де әріптестік орнату аса маңызды екенін білдірді. Сонымен қатар, еліміздің жетекші университеті халықаралық аккредитация мәселелері (институционалды және жекелеген мамандықтар бойынша) және қазақстандық дипломның шетелде қолданылуы жөнінде америкалық жетекші аккредитациялық агенттіктерімен қарым-қатынас орнатуға даяр.

Жетекші университет америкалық қоғамдық топтарда Қазақстан тарихы мен мәдениетін жылжытуға мүдделі екенін білдірді. ҚазҰУ-дың бастамасымен әр түрлі елдерде қазақ тілі мен Қазақстан мәдениетін үйрену орталықтарының негізі қаланып жатыр. Мұндай орталық қазір Ресейде жұмыс істеуде, ендігіде Қытай, Жапония және Кореяда ашылуға дайындық жүргізіліп жатыр. ҚазҰУ ректоры «Біз осындай орталықты АҚШ-та ашуға даярмыз», - деген ұсынысын жасады.

Кездесу нәтижелерін жоғары бағалаған Ричард Хоугланд ҚазҰУ-дың барлық бастамалары мен ұсыныстарын қолдады. Тәмамдай келе, АҚШ елшісі ҚазҰУ-ға жасаған тұңғыш сапары жемісті өткенін, бұл байланыстарды әрі қарай нығайтуға дайын екендігін айтты. Себебі, ЖОО жетекшілері және студенттерімен өтетін мұндай кездесулер қоғамдық дипломатияның бір бөлігі болып табылады.

«Мен университет басшылығы тарапынан түскен ҚазҰУ-дың 75 жылдығына арналған салтанатты жиындарға қатысу ұсыныстарын қуана қабылдаймын... әрине, егер де менің президентім жоспарларымды өзгертпесе», - деді АҚШ елшісі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі