- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Саламатты дене мәдениеті
11.02.2013Медеу-Алматының төңірегінде, Кіші Алматы өзенінің жағасындағы мұз айдыны. Теңіз деңгейінен 1,691 метр биікте орналасқан ол әлемдегі ең атақты мұз айдындарының қатарында. Медеу 10,500 ш.м. жерді алып жатыр және ол өзіне 10,500 көрерменді сиғыза алады. Бұл әсем табиғат ортасында орналасқан алақандай Медеу мұз айдынына берілген ресми сипаттама ғана. Ал, осынау сұлулықтың қақ төрінде орналасқан мұз айдынына қыста барып, сырғанақ теуіп, салауатты өмір салтын ұстанғанға не жетсін! Күні кеше ғана «Медеу» мұз айдынында жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында, «Саламатты дене мәдениеті» жобасының негізінде, сонымен қатар спорттық-сауықтыру орталықтарында уақыт өткізуді тиімді ету үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитеті және Алматы қаласы Жастар саясатының басқармасы «Медеу» мұз айдынына бару үшін ҚазҰУ жастарына үлкен жеңілдіктер жасады.
Қос таудың құшағында орналасқан сұлу мекенге жеңілдік жасаған басқармаға жастар жағы да дән риза. ҚазҰУ-дің бұл денсаулық күніне университеттен 60-қа жуық студент қатысты. Олар бес сағат көлемінде мұз айдынында уақыттарын көңілді өткізді. Студенттердің бірі мұз айдынымен жаңа танысып жатса, келесі бір топ жеңілдіктерді пайдаланып, сырғанақ тебуге барынша дайындалып келген. Көңілді, ырғақты әуен аясында бір-бірімен жарыса қозғалған жастар, Медеудегі бұл күнге ризашылықтарын білдіріп жатты. Тіпті, Медеудегі ашық ауа-райына тәнті болған олар, сол күнгі Алматыдағы бұлтты бұлыңғыр, тұманды күнді де ұмытып кеткен. Ашық аспан, арайлы күн, қарлы шың, алып жоталар, бәрі-бәрі тамаша әсер сыйлайды. Ал, айдындағы мұздың өзі бір ғажап!
Медеудегі мерейлі күнді ұйымдастырушылардың бірі, «Ұлттық студенттік кеңестің» төрайымы Сандуғаш Қартаева бізге берген сұхбатында: «Алматының ең көрікті жері, Медеу мұз айдынына жеңілдіктермен жастарды салауатты өмір салтына шақыру мақсатында «Саламатты дене мәдениетін қолдау» шарасын өткізіп отырмыз. Біз ҚазҰУ студенттері «Саламатты дене мәдениетін» қолдаймыз, салауатты өмір салтын ұстаймыз. Біз осындай мақсатты орындау үшін студенттерге қолжетімді бағамын осындай әлеуметтік акция жасап отырмыз. Біз әрқашан студенттердің білімі, денсаулығы үшін жақсы жаңалықтарды әлі жиі жасап тұрамыз деген үміттеміз»,-деді. Ал, осындай жақсы бастамаларды жасап жатқан басшылықтың ұйымдастырып жатқан шарасында болып, ерекше көңілмен қайтқан география және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті Айзада Әбдешова: «Бұл жердің табиғаты, үлкен мұз айдыны, сырғанақ тебуге жасалған үлкен мүмкіндіктері келушілердің тыңғылықты демалуына күш береді.Бүгінгі күн біздер үшін естен кетпес күндердің бірі болмақ. Студенттердің жағдайын жасап, жақсы жұмыстар жасап жатқан жастар саясатына алғысым шексіз»,-деді. Әсем табиғат аясында өткен мұндай шаралардың жастардың жүрегінде жатталып қалары сөзсіз. Ең бастысы олар таза ауада салаутты өмір салтын қалыптастырып, тамаша көңіл-күймен тарасты.