Жаңалықтар

ҚазҰУ тарихы мұражайының галереясына алғашқы тас қаланды

12.05.2009

4 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде университет тарихы жаңа мұражай галереясының салтанаты түрде алғашқы тасы қаланды.

Мұражайдың іргетасы мен осы күнмен белгіленген капсула ректорат, заң, тарих, экономика және бизнес факультеттері қоршаған орында қаланды. Дәл осы жерде ҚазҰУ Мұражайының әсем, қазіргі заманға сай безендірілген галереясы орын тебеді.

Бұл салтанатты шараның тұсауын ректор Бақытжан Жұмағұлов, академик Сұлтан Сартаев, қарашаңырақтың ардагеріне айналған университет мұражайының тұңғыш директоры Тамара Струц, «Алматымәдениқұрылыс» компаниясының бірінші вице-президенті Серік Керейбаев және мұражай директоры Тамара Тәжібаева сынды университеттің ең белді тұлғалары кесті.

«Университеттің 75 жылдығына арналған экспозицияны құру мақсатында галереяның алғаш тасын қалау мен жаңа мұражай құрылысын бастау - ұрпақ сабақтастығын, отаншылдық пен азаматтық, университет дәстүрлерін негізге ала егемен елдің құрылысына, ұлттық құндылықтарға қатысты екенін сезіндіріп жастарды тәрбиелеудің нағыз дәлелі. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихы мұражайына болашақ бағытымыздың негізін құрайтын өткенгі мен келешекті бейнелеу, әлемдік деңгейдегі элитарлық зерттеу университетінің перспективаларын көрсету қызметі жүктеледі», - деді салтанатты рәсімде ректор Б.Т. Жұмағұлов.

Академик Сұлтан Сартаев бүгінгі шараны тек жақсы маман ғана емес, сонымен қатар өз елінің нағыз азаматы тұғырынан көрінгісі келетін жастар үшін үлкен өнеге деп атады.

Бұл шараға деген қуанышын ҚазҰУ-дың еңбек ардагері Т.П. Струц та шын жүректен білдірді. Бұл - өзі де, студенттері де көптен армандаған мереке. Тамара Струц көп жылдар бұрын да жаңа мұражай құрылысы туралы ой қозғаған университет қызметкерлерінің алғашқысы болған. Кезінде ректор Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков те құптаған болатын. «Біздің арманымыз жүзеге асатын уақыт та келіп жетті. Ендігіде мен университет тарихы мұражайын қазіргі экспозицияда көрсем деймін», - деп ағынан жарылды мұражайдың тұңғыш директоры.

Қазіргі уақытта мұражай қорында фотоматериал, қолжазба, ескерткіш, сыйлық, қылқалам туындылары мен портрет, кітап, университет ғалымдарының монографиялары, ақпараттық басылымдар сынды 14 мыңнан астам материал жиналған.

Тарыдай жиналған университет тарихы мұражай коллекциясында лайықты көрінісін таппақ. Сондықтан галерея құрылысы, жаңа мұражайдың негізін қалау мен мерейтойлық экспозицияны безендіру - университеттің мерейтойлық шаралары ішіндегі ең маңыздыларының бірі.

Мұражайдың экспозициялық кешенінің жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрайды. Университет тарихы галереясы 540 шаршы метр, Даңқ залы - 120, «ҚазҰУ - бүгін, ертең» залы 240 шаршы метрді алып отыр. Мұражайдың ең көлемді кеңістігі ретінде галерея атриумы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерімен безендіріліп, болашақта салтанатты шаралар, университеттің құрметті қонақтары, шетелдік делегация, ардагер қауымы және студенттік жастармен кездесу өткізетін орынға айналмақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі