- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Отанды қорғаған қаһармандардың құрметіне!
15.05.2009Алматы, 2009 ж. 6 мамыр. Жеңіс Күнінің қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тылда еңбек еткен ардагерлер, интернационалист-жауынгерлер, Чернобыль АЭС-дағы апатты залалсыздандыруға қатысқан адамдардың құрметіне салтанатты жиын өткізді.
Студенттер сарайының алдындағы сахна алаңында университеттің көркем өнерпаздары соғыс жайлы театрландырылған көріністерін қойды. Әскери үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен әртістер соғыс жылдарында дүниеге келген танымал әндерді шырқады.
Барлық университеттік алаң мерекенің бас қонақтары - ардагерлермен, сонымен қатар университет студенттері мен оқытушылары, әскери кафедраның тыңдаушыларымен толыды. Майданнан оралмағандарды еске алып, жиналған қауым үнсіздік минутын сақтады.
ҚазҰУ ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаппас Жұматов 90-нан асса да, соғыстың алғашқы күндері Брест қорғанын жауға бермей қорғауға шыққаны есінде.
- Біздің буын соғыстың барлық тауқыметін басынан өткерді. Бізге қарағанда ұрпағымыз бақытты, ең бастысы, бейбіт, тыныш өмір сүрсін. Майдандағы қантөгістен зұлмат ешнәрсе жоқ, ал қалған қиыншылықтар мен дағдарыстар - өткінші, - деді Ғаппас Жұматұлы.
Қатарындағы сиреп бара жатқан жауынгер достарын ардагер Уәхит Шәлекенов құттықтады. Ауған соғысына қатысқандардың атынан ҚазҰУ профессоры Ғабит Тұрсынов сөз сөйледі.
Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін ҚазҰУ-дың 250-ден астам оқытушысы мен студенттері басынан кешті. Олардың арасында Гаин Петрович Беляков, Керкен Ескендірұлы Абрахманов, Тамара Александровна Максимова және т.б. бар.
Ардагерлерді құттықтай отырып, ректор Бақытжан Жұмағұлов: «Біздің арамызда алапат соғыстан Жеңіспен оралғандар отыр. Еліміз, Тәуелсіздігіміз үшін жанын бәйгеге тіккен адамдар біз үшін әрқашан да ыстық. Олардың жанқиярлық ерлігі ел жадында Отан мен халқына қызмет етудің озық үлгісі болып басылмақ!», - деді.
Бұрыннан қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша университет шақыруымен ардагерлер ҚазҰУ-да бас қосып, өткен майдан жылдарында иық тіресіп Отан қорғаған жолдастарын еске алды. Бұл жолы ардагерлерге арнап майдан жылдарындағы атмосфераны қайталау үшін Студенттер сарайының алдындағы көгалда әскери шатырлар құрылып, нағыз далалық асхана орналастырылды. Ардагерлер нағыз солдат ботқасынан және әскери «100 грамнан» дәм татты.
- Әскери ботқаның ерекше Жеңіс дәмі бар, ол халықтың жауынгерлік рухы мен ата-бабамыздың мәңгілік даңқын сіңірген, - деп игі тілектерін білдіре ағынан жарылды ҚазҰУ ректоры.
Ардагерлер мерекеден гүл шоқтары және естелік сыйлықтармен, сонымен қатар университет Жеңіс күні қарсаңында дайындаған материалдық жәрдеммен қайтты.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі