- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ең басты артықшылық – Қазақстан инновациясының дамуы
28.05.200919 мамырда дүние жүзіне танымалы экономист-ғалым, Америка университетінің профессоры Фам Чи Танх (Вашингтон қ., АҚШ) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловпен жүздесті.
Кездесуде екі жақ өз университеттерінің жұмыстарымен таныстырды. Танх мырза Қазақстанға келмей тұрып ҚазҰУ қарашаңырағы жөнінде көп естігендігін, бірақ көзбен көргені әлдеқайда қатты әсер еткендігін айтты. Бәрінен қарашаңырақ университетінің орналасқан жері мен территория аумағы таң қалдырды. «Америка университетінің көлеміндей жерді алып жатыр екен. Сонымен қатар ҚазҰУ ғылыми зерттеу жұмыстарының ауқымдылығы республиканың барлық жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулеріне татиды», - деді өз сөзінде қонағымыз.
Университет қонағы ҚазҰУ-ға Америка университетінің профессоры мен Бүкіләлемдік инновация қорының президенті есебінде келіп отырғандығын мәлімдеді. Аталмыш бас қосу Қазақ ұлттық университетіне әлемдегі барлық жоғары оқу орындарымен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Қорда 180 мемлекеттің 3000 ғалымдары жұмыс істейді, оның 100-ден астамы Нобель сыйлығының лауреаттары.
Бақытжан Жұмағұлов ұлттық университеттің басшысы ретінде дүние жүзінің жетекші ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеуге құштар екендігін атап өтті. Академик Жұмағұловтың пікірінше, Бүкіләлемдік инновация қорының президенті Фам Чи Танхтың бұл жиынға келуі жақында өткен «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінде Елбасының қойған талаптарына сәйкес келеді. Яғни, қазір барлық күшті дағдарыстан шығу жолдарынан гөрі Қазақстанның посткризистік және инновациялық дамуына жұмсау керек. «Жақын арада біздің ғылыми саладағы бірлескен еңбегіміз жемісті нәтижесін береді», - деді ҚазҰУ ректоры сенім білдіріп.
Сонымен қатар кездесуде ҚазҰУ-да математикалық және саяси экономика саласы бойынша Америка университетінің үлгісімен PhD бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Екі жақ кездесу барысында тоқталған мәселелрдің басын ашып, ортақ келісімге келді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі