- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Шығыстану факультетіндегі «Біз - Қазақстандықтармыз!» атты мерекелік шара
02.06.200919 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен студенттер қауымы Қазақстанның ұлттық мәдени орталығының өкілдерімен кездесті. Аталмыш шара жастар арасында патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттау, мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау мақсатында «Біз-Қазақстандықтармыз!» атты мерекелік шара аясында өткен болатын.
Қазақстан - өзінің геосаяси орналасуы мен этникалық құрылымы жағынан ерекше көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Дүниенің саяси картасында өз елінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен рухани құндылықтарының сақталып, олардың материалдық әл-ауқатының дамуына жағдай жасап отырған елдер сирек кездеседі. Солардың санатына жататын халықтың бірі - Қазақстан. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясаты қазақстандық әлеуметтің барлық ұлттық топтарына жағдай жасауға бағытталған. Республикамызда ұлттық мәдени орталықтар өз қызметтерін сәтті атқаруда. Мемлекетіміздің ішкі саясатын жүзеге асыруда Қазақстан халықтары Ассамблеясының еңбегі зор.
Елдегі жоғарғы оқу орындарының көшбасшысы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де Қазақстанның барша халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған мемлекет саясатын жүзеге асыруға атсалысуда. ҚазҰУ қабырғасында, шын мәнінде, көптеген ұлт өкілдері білім алып келеді.
Құрметті қонақтардың қатарынан ҚР халық Ассамблеясы мен республиканың Ұлттық мәдени орталықтарының өкілдері шақырылды. Атап айтсақ, Түрік ұлттық мәдени орталығының вице-президенті Зухра Абилова, Орыс қауымдастығының басшысы Сергей Момот, Ұйғыр ұлттық мәдени орталығының өкілі Талғат Хамраев, Қазақстандағы Украин Ассоциациясы төрағасының орынбасары Валентин Лымаренко, Поляк қоғамының өкілі Ирина Павлюкеевич қатысты.
- Аталмыш шарада бас қосып отырғаныма шын жүректен ризамын. Бір күнде қаншама достарымды көріп үлгердім. ҚазҰУ-дың келе жатқан 75 жылдығымен, шығыстану факультетінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Мен 1961 жылы ҚазМУ-дың заң факультетін бітіргем. Алматы қаласының прокуратурасында талай жылдар бойы еңбек етіп келдім. Қазақ жігіттерімен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, осы халықтың дәстүрін, тілін, мәдениетін таныдым. Қазір бұл жұртты өз елімдей жақсы көремін. Біздің Күрдтер мәдени орталығында 70-80 пайыз адам қазақ тілін толық меңгерген. Қонақжайлы халықтың мейірімділігіне үлкен алғысымызды айтамыз, - деді Күрд мәдени орталығының директоры Иозиф Князь Ибрагимов.
Мереке аясында патриоттық тақырыпта ұйымдастырылған «шығарма» сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қатысқан шығармалар саны - 30. «Шығарма» номинациясы бойынша марапатталғандар: шығыстану факультетінің студенті Елена Шигаева (1-ші орын), география факультетінің студенті Зоя Тен (2-ші орын), шығыстану факультетінің студенті Майя Гласинская (3-ші орын).
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі