Жаңалықтар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қонағы Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырза

4-мау-09

24-26 мамыр аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Поэтикалық шығармашылықты Қолдау қоры директорлары кеңесінің төрағасы, араб ақыны, кувейттік ірі бизнесмен Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырза арнайы сапармен келген болатын.

Сапарының алғашқы күнінде Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырза әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Б.Т. Жұмағұлов мырзамен кездесті. Кездесу аясында екі жақ Сауд Арабиясы мен Қазақстанның жетекші университеттерінің арасында мәдени ынтымақтастықты орнату, студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Келесі күні Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырза университеттің профессор-оқытушылар ұжымының алдында дәріс оқыды. Сонымен қатар өкілдердің құрамындағы Иран, Тунис, Египет ғалымдары дүние жүзінде қайырымдылық және мәдени жұмыстарымен танымалы Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин атындағы қордың жұмыстарымен таныстырды.

Ынталандыру қордың араб әлемінің мәдени өмірінде маңызы зор. Қор жұмысы араб ұлты мен Азиядағы елдердің мәдени саладағы туыстық қарым-қатынастарды орнатуға бағытталған. Кувейт, Пәкістан және Ирак мемлекеттерінде әдеби конференциялар ұйымдастырылып, жыр, сын, аударма салалары бойынша 130 еңбек жарияланған. Сонымен қатар Азия елдерінде 100, Африкада 15, Иракта 100 студенттің білім алуына көмектесті. Қордың қаржыландыруымен бүгінгі таңда 2 500 студент білім алып жатыр. Осы кездесу ҚазҰУ мен Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин атындағы қордың бірлескен жұмысының бастамасы екендігін екі жақ та мәлімдеді.

Үш күндік сапарда қонақ университет қалашығында салынып жатқан жаңа оқу ғимараттарды аралап, оқытушылар және студенттер қауымымен кездесті. Шағын экскурсияда қонақтың көңілін аударған бір жайт - салынып жатқан кітапхананың құрылысы мен 75 жылдық мерейтойға арналған көрме еді. Қор ағартушылық жұмыстарға белсенді түрде атсалысып отырады, сондықтан университет кітапханасына араб елінің мәдениеті, тарихы және әдебиетіне арналған қомақты еңбектерді сыйлады. Сонымен қатар университет ғалымдары араб елдеріне қатысты идеяларымен бөлісті. Мәселен, заң факультетінің ғалымдары Ислам банктегі заң шығару жұмысын жетілдіру, ал химиктер түйе тікенегінің емдік қасиетін, филологтар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бабалар сөзі» атты араб елдерінің мәдениетіне арналған ой-пікірлерімен бөлісті.

Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырза өзінің ұйымдастыруымен ҚазҰУ-дың арабтану кафедрасының студенттеріне арналған араб тілі бойынша өткен семинардың салтанатты жабылу рәсіміне қатысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі